Карантин: Қазақстан өңірлеріндегі шектеу шараларына шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жарлығымен елде төтенше жағдай енгізілгелі 1 айға жуықтады. Осыған байланысты әр өңірде карантин, күшейтілген режимдегі шектеу шаралары енгізілген. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстан өңірлеріндегі бүгінгі жағдайға шолу жасады.

Айта кетейік, күшейтілген режимдегі шектеу шаралары ең алдымен елорда мен Алматыда енгізілген болатын. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, 20 сәуірден бастап екі қалада бірқатар кәсіпорындардың жұмысы жанданады.

Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтан қаласында 20 сәуірден бастап тиісті секторлардағы кәсіпорындардың жұмысы жалғасады. Біріншіден, өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар, екіншіден, құрылыс саласындағы кәсіпорындар, үшіншіден, қыстан кейін жолдар жөндейтін асфальт-бетон зауыттарының жұмысы жанданбақ. Бұған қоса зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер бар, олар сағат 16:00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейді. Сондай-ақ жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары ескерілген. Химиялық тазалау және кір жуатын орындар, дөңгелек жөндеу, арнайы техникаларды жөндеу, көлік жуу стансалары қарастырылған. Елордада қоғамдық тамақтану орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін сағат 22:00-ге дейін ұзарту ұсынылды.

Осылайша, Нұр-Сұлтанда 100 мыңға жуық нысан жұмысын жалғастырады. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс істейтін халықтың шамамен 20 пайызы.

Алматы

Алматы қаласы бойынша сәуірдің үшінші онкүндігінде өнеркәсіптің барлық салалары, қоймалау, құрылыс, екінші деңгейдегі банк қызметкерлерінің 50 пайызына дейін, қызмет көрсету саласының кейбір секторлары толық жұмыс күні режиміне көшеді.

Қалада барлығы 128 мың адам жұмысын жалғастырады.

Карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы есепке алынады. Қазір ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады. Бұндай кісіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы хаттамалар дайындалады.

Шымкент

Шымкент қаласында 2020 жылғы 4 сәуір сағат 21.00-ден бастап карантин аяқталғанға дейінгі кезеңде шектеу шаралары енгізілді. Қалада меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылды. Ол мекемелердің тізімін әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қатар саябақтар мен балалар алаңдарына баруға болмайды. Бұған қоса қала аумағында шағын микроавтобустардың қозғалысына тыйым салынды. Қалаішілік қоғамдық көлік қозғалысы таңғы 7.00-ден 19.00-ге дейін ғана жүзеге асады. Аумақтағы залалсыздандыру шаралары карантин мерзімі аяқталғанға дейін күшейтіледі. Медицина, құқық қорғау органдарының, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналды мекеме қызметкерлерінен бөлек, азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Қала тұрғындары үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады. Барлық қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режиміне көшеді. Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 15 аумақ оқшауланды.

Ақмола облысы

Ақмола облысының аумағында 2020 жылдың 13 сәуірі сағат 21.00-ден бастап 2020 жылдың 25 сәуіріне дейін тұрғындардың шаруашылық пен басқа қызметіне шектеу шаралары енгізілді.

Қоғамдық көліктердің барлық түрлерінің жұмысы тоқтатылды. Тек ресми тіркелген такси қызметі жұмыс істей алады. Олар бір ретте бір отбасының мүшелерін отырғыза алады. Карантин жарияланған аумақта көліктердің кіруі мен шығуына тыйым салынады. Облыс аумағына арнайы рұқсат қағазы бар көліктер кіріп-шығады.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысында 6 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин енгізілді. Облыс орталығында барлық мекемелердің жұмысы тоқтады. Қоғамдық демалыс орындары, саябақтар, балалар алаңына баруға болмайды. Көліктің барлық түрі қаладан шықпайды, кірмейді. Қаулы бойынша кейбір азаматтардың жүріп-тұруына рұқсат беріледі. Тізім әкімдік сайтында жарияланды. Қоғамдық көлік 7:00-9:00, түсте 12:00-14:00, кешке 17:00-21:00 аралығында жүреді. Қала аумағында залалсыздандыру жұмысы күшейтіледі. Азық-түлік дүкендері 10:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Қала аумағында жеке көлікпен жүруге тыйым салынған.

Алматы облысы
Алматы облысында 15 сәуірден бастап өңірде карантин режимі енгізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мынадай шектееулер енгізілді: шет мемлекеттерден келген Алматы облысының тұрғындарын; жүктерді, оның ішінде транзиттік жүктерді тасымалдайтын адамдар мен көліктерді қоспағанда, облыс аумағына басқа өңірлерден адамдар мен көліктің кіруіне тыйым салынады.

Бұған дейін басқа өңірлерге кеткен облыс тұрғындары бүгін түнгі сағат 00:00-ге дейін қайта кіре алады. Жолаушы тасымалдайтын әуежайлардың, автовокзалдардың, автостанциялардың қызметі уақытша тоқтатылады. Ресми такси қызметтерін қоспағанда, қалааралық, ауданаралық автобус қатынастарына, сондай-ақ жеке тасымалдауға тыйым салынады. Азық-түлік сатпайтын сауда нысандарының, бизнес орталықтарының, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын орындарының жұмысы шектеледі. Жәрмеңкелер, көше саудасын болдырмау да басты назарда. Балабақшалар, діни мақсаттағы объектілердің қызметіне де уақытша тыйым салынды. Халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды.

Атырау облысы

Атырау облысында 2020 жылғы 30 наурыз сағат 00.00-ден карантин уақыты аяқталғанша шектеу шаралары белгіленді. Аудан тұрғындарына облыстар, аудандар және Атырау қаласы арасында жүруге тыйым салынды. Барлық автовокзалдардың, автостанциялардың жұмысы тоқтатылып, теміржолдағы аймақаралық жолаушылар қатынасы шектелді. Арнайы қызметтерден тыс Атырау халықаралық әуежайының барлық рейстері тоқтатылды. Тұрғылықты жерінен 500 метрден аспайтын және ұзақтығы 30 минуттан аспайтын радиуста ғана балалармен серуендеуге болады.

Азық-түлік супермаркеттерін қоспағанда сауда-ойын-сауық орталықтары мен базарлардың қызметіне тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына тек 10.00-ден 20-00-ге дейін «тапсырыс берушілерге жеткізу» қағидаты бойынша рұқсат берілді.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылғы 13 сәуірден бастап шектеу шаралары бекітілді. Азық-түлік дүкендерінен басқа барлық қызмет көрсетуші орындар жабылды. Банктер жұмыс режимін сағат 10.00-ден сағат 16.00-ге дейін шектеді. Қалалар мен аудандарда 65 және одан жоғары жастағы адамдарға үйден шығуға болмайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмектер үйлеріне жеткізіледі. Шет елдерге кеткен ҚР азаматтары Орал қаласының халықаралық әуежайы арқылы елге келе алады. Емделуге шыққан облыс аудандарының тұрғындары БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының рұқсатымен Орал қаласына жіберіледі.

Жамбыл облысы

9 сәуірден бастап Жамбыл облысында карантин режимі енгізілді. Периметрі және облыс аумағы бойынша 27 блок-пост орнатылды, оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-пост қойылған. Оларда полиция, медицина және әскери қызметшілер қызмет атқаруда. Облыс аумағында, арнайы қызметтерден бөлек, барлық автокөліктер мен азаматтардың қозғалысына тыйым салынды. Қоғамдық көліктердің қозғалысы келісілген кестеге сәйкес шектеледі: 07:00-ден 10:00, 12:00-ден 15:00, 17:00-ден 20:00-ге дейін. Оларға жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген жағдайда ғана кіруге рұқсат беріледі. Жанар-жағармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. Халықтың жаппай жиналатын орындарына баруға тыйым салынды.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысының Абай, Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск қалалары, сонымен бірге Доскей, Үштөбе, Көкпекті, Ботақара, Ғабиден Мұстафин атындағы, Бұқар жырау ауданының Петровка елді мекендерінде 2020 жылғы 7 сәуір сағат 00.00 бастап карантин режимі енгізілді. Қоғамдық орындарда үш адамнан артық топпен (отбасы мүшелерін қоспағанда) жиналуға тыйым салынды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар ересектерсіз жүрмейді. Жерлеу рәсімін өткізу кезінде екі метрден кем емес арақашықтық сақталып, 10 адамға дейін ғана жиналады. Жұмыс уақыты сағат 10:00 бастап 16:00-ге дейін шектеледі.

Қостанай облысы

Қостанай облысында төтенше жағдай кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шектеу іс-шаралары күшейтілді. Облыс аумағына кіру-шығу қозғалысы шектелді. Қостанай облысының периметрі бойынша 10 блокпост қойылды. Қала көшелерін, аялдамаларды және жолаушылар автобустарын дезинфекциялау жүргізілуде. Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бірнеше талаптар тізбесі бекітілді. Қостанай облысының тұрғындарына арнайы маскасыз далаға шығуға және қоғамдық орындарға баруға тыйым салынды. Кешкі сағат 22.00-ден бастап таңғы сағат 06.00-ге дейін үйден шығу шектелді. Қостанай облысының аумағында қоғамдық көліктің барлық түрлерімен жүретін жолаушылар маска тағуға міндетті. Таксиде артқы орындықта 2 жолаушыдан артық отырғызуға болмайды.

Қызылорда облысы

Қызылордада 14 сәуірден шектеу шаралары басталды. Өңірдің бас санитары Қаулы қабылдады. Оған сәйкес, мемлекеттік ұйымдар, барлық мекемелер және кәсіпкерлік орындары қашықтан жұмыс істеу жүйесінде қызмет атқарады. Қажет жағдайда жұмыс беруші өз қызметкерлерін мекеме көлігімен тасымалдауы тиіс. Облыста қоғамдық көлік қозғалысына толық тыйым салынады. Қоғамдық көліктің жұмысына үш ауысыммен (сағат 06.00 – 09.00, 13.00 – 15.00, 18.00 – 20.00) жүруге рұқсат етілді. Медициналық көмек алуға барған тұлғалардың саны 3 адамнан артық (автокөлік жүргізуші, науқас, сүйемелдеуші) болмауы тиіс. Коронавируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылды. Тосқауыл бекеттерінде 200 полицей мен 170 әскери қызметкер үздіксіз кезекшілік етіп тұр.

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 15 сәуірі күні сағат 07:00-ден бастап 30 сәуірі күні сағат 07:00-ге дейін халық өмірін қамтамасыз ететін көліктерді қоспағанда, жолаушылар және жұмыс пойыздарының аумақтағы қозғалысына тыйым салынды. Облыстың теңіз айлақтарында азық-түлік, дәрі-дәрмектер ғана тасымалданады. Ақтау қаласының Халықаралық әуежайының барлық әуе рейстеріне (үкіметтік және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Маңғыстау облысының аймақтық комиссиясының төрағасымен келісілген рейстерді қоспағанда) шектеу енгізілді.

Павлодар облысы

2020 жылғы 13 сәуірден бастап Павлодар облысында карантин режимі енгізілді. Өңірде жолаушылар тасымалына тыйым салынды. Дезинфекция және эпидемияға қарсы режим күшейтіліп, азаматтардың қоғамдық орындарда және сағат 22: 00-ден кейін пәтерден шығуына шектеулер қойылды. Қазақстан Республикасының басқа облыстарының тұрғындары мен басқа мемлекет азаматтарының кіруіне тыйым салынды. Шектеу шаралары аясында дүкендер мен өзге орындарда кезекте 5 адамнан артық жиналуға болмайды. Мектепке дейінгі мекемелерде ешқандай ақысыз демалыстар, соның ішінде қысқартулар, жұмыстан босатулар болмайды. Анықтамасы бар адамдарға таңертең 06:00-10:00 аралығында жұмысына жетіп, кешкі сағат 19:00-22:00 аралығында үйлеріне қайтуға ғана рұқсат етіледі. Облыстың Бас мемлекеттік дәрігерінің бұйрығына сәйкес, 3 сәуір сағат 00.00-ден бастап, облыс орталығына кіруге және шығуға тыйым салынған. Тұрғындарға қажетті азық-түлік пен тауар тасымалдаушы транзиттік және жүк көліктерінің кіруіне рұқсат етілді. Тұрғылықты мекенжайына кіру немесе шығуға 4 сәуір сағат 00.00-ге дейін мүмкіндік берілген еді.

Солтүстік Қазақстан облысы

СҚО Бас мемлекеттік санитарының бұйрығына сәйкес, 3 сәуір сағат 00.00-ден бастап, облыс орталығына кіруге және шығуға тыйым салынған. Тұрғындарға қажетті азық-түлік пен тауар тасымалдаушы транзиттік және жүк көліктерінің кіруіне рұқсат етілді. Облыс аудандарында 25 карантиндік пост бар. Аудан орталықтары және республиканың басқа облыстарымен шекара жабық. Коронавирус инфекциясының ошағы анықталған Келлеровка ауылы да жабылды. Көшелер мен жаяужолдарда, алаңдарда дезинфекциялық жұмыс жүргізіледі. Үйлер мен ұйымдарда санитарлық тазалау күшейді. Барлық қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер жабылды.

Түркістан облысы

Түркістан облысында шектеу шаралары күшейтілді. Аудан-қала территориясында 3 сәуір мен 17 сәуір аралығында шектеу енгізілді. Облысаралық, ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Сондай-ақ, жүк тасымалынан басқа теміржол байланысы мен автовокзалдар мен автобекеттер жұмысы да тоқтайды. Қоғамдық көліктер таңғы 6.00 мен 20.00 аралығында жүреді. Облыс аумағында «бетперделік режим» енгізілді. Азық-түлік базарлары күн сайын дезинфекцияланады, жұмыс режимі 10.00 мен 17.00 аралығын құраса, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 9.00-20.00 аралығында жұмыс істейді. Көпшілік тамақтанатын орындар келушілерді қабылдамай, тек үйге тапсырыс қабылдау арқылы сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істейді. Жанар-жағармай құю бекеттері, екінші деңгейлі банк, жеке нотариустер 10.00 мен 16.00 аралығында қызмет көрсетсе, сән салоны, шеберхана, көлік жөндеу орындары сағат 10.00-18.00 режиміне көшеді.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысының аумағында шектеу шаралары 2020 жылғы 30 наурызда бекітілді. Өскемен және Семей қалаларының, аудандардың әкімдері орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп сақтық шараларын күшейтті. Қоғамдық көліктердің басқа автокөліктердің жұмысына шектеу қойылды. Тауар өндірушілер, дистрибьюторлар, көтерме жеткізушілер қажетті тауарларды сауда объектілеріне үздіксіз жеткізуге міндетті. Өңірде тек азық-түлік сататын дүкендер жұмыс істейді. Мекеме жұмыстары онлайн форматқа көшті. Халықпен жұмыс істеу үшін учаскелік полиция және қоғамдық бригадалардың (еріктілердің) бірлескен топтары құрылған.



Соңғы жаңалықтар