Карантин кезінде елордалық волонтерлер қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғалары жиілеген соң, елорда волонтерлері халыққа тегін маска таратып, каратинді сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, 11 мамырда Төтенше жағдай режимі тоқтатылғанымен, каратин әлі де жалғасуда. Тиісінше, елордалық полиция департаменті волонтерлермен бірігіп, карантиндік шаралар мен халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан әкімдігінің көмегімен жеткізілген медициналық маскаларды халық көп жиналатын орындарда таратамыз. Осылайша, адамдар карантиннің аяқталмағанын, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін білетін болады», - деді Нұр-Сұлтан Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Азамат Садықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Полиция қызметкері карантин шараларының қайта күшеймеуі үшін санитарлық нормаларды сақтаудың маңызды екенін атап өтті.


«Біз ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Онда айыппұл салу, жазаға тарту көзделмеген. Дегенмен, көптеген тұрғындар маска тағып, ара қашықтық сақтау қажеттігін түсінеді», - деді А. Садықов.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев елордалық волонтерлердің тынымсыз еңбектеніп жатқандарын айтып берді.

«Астана жастары» - Нұр-Сұлтан қаласының волонтерлік штабы болып саналады. Қалалық волонтерлер штабы тек карантинде ғана емес, оған дейін де жұмыс істеп келген. Жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, мұқтаж адамдардың ауласын тазалауға көмектесті. Ал қазіргі уақытта коронавирус адамдар арасында өте ауқымды тарап жатыр. Аурудың екінші толқынының алдын алу мақсатында, қалалық волонтерлер штабы бірнеше волонтерлік ұйымдармен, Полиция департаментімен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұған дйін де түсіндіру жұмыстары жасалып келген еді. Бірақ, бүгіннен бастап, бұл жұмыстарды күшейтеміз, волонтерлер санын көбейтеміз», - деді Аян Ерментаев.


Бүгін 50-ге жуық волонтер қаланың адам көп шоғырланған аудандарына, саябақтар мен аллеяларға барып, халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

«Әсіресе аяладамада адам көп, автобусқа медициналық маскасыз кіруге болмайды. Сондықтан, біз оларға медициналық масканы тегін таратамыз. Түрлі саябақтар мен аллеяларда отырған кісілерді қауіпсіздікке шақырамыз. Адам көп жиналса, көшеде де маска тағу қажеттігін түсіндіреміз», - деді ол.

«Астана жастары» орталығындағы 2 жарым мыңға жуық волонтер бар. ТЖ режимі алынған соң, волонтерлер адам көп жиналатын банктерде, Қазпошта, ЦОН-да күн сайын жұмыс істеп жатыр. Олар келушілерге арақашықтық сақтауға, бетперде тағуға көмектеседі. Жағдайы төмен отбасылар мен көмек қажет адамдарға меценттар көмегімен азық-түлік пен тағамдар жеткізеді.

«Өткен сенбіде волонтерлер штабы жиналып, сенбілік өткіздік. Ағаш отырғызып, қоқыстардан тазартып, қаламыздың көгалдандырдық. Жақында Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы лекпен 20 тонна және екінші лекпен 10 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Ол үшін қала бойынша 4 орын ашып, қала тұрғындарының, меценаттардың көмегін қабылдадық. Біз оларды іріктеп, жарамдыларын алып, жуып-тазартып, Мақтааралға жібердік», - деді А. Ерментаев.


Жалпы волонтерлердің ерікті түрде тегін жұмыс істейтіні белгілі. Дегенмен, елордалық жастар саясаты басқармасы оларға алғыс хаттар беріп түрлі демалыс орындарына жібереді.

«Астана жастары» орталығында ұйымдастыру бөлімі, волонтерлік бөлім, жұмыспен қамту және кәсіби бағдар бөлімі, анализ-мониторинг бөлімі бар, 21-ден астам аула клубтары бар, сонда волонтер жастар әртүрлі секцияларға тегін қатысады. Қазіргі уақытта жастарды қолдау мақсатында түрлі басымдықтар ұсынып жатырмыз. Әсіресе ақылы бөлімде оқитын волонтер студенттерге 10 пайыздан бастап түрлі жеңілдіктер мен гранттар қарастыру. Келесі оқу жылына дейін осы сұрақтарды реттеу жоспарланған», - деді А. Ерментаев.

Айта кетсек, аталған ұйым 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Көмекке мұқтаж адамдар бізге әлеуметтік желі немесе iKomek арқылы хабарласа алады.



Соңғы жаңалықтар