Қаратал ауылында Әлихан Бөкейхановтың мүсіні орнатылды - Қарағанды облысы

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Әлихан Бөкейхановтың мүсіні орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу орнын бітіргендеріне 30 жыл толуын атап өткен А.Ермеков атындағы ауыл мектебінің түлектері туған ауылына ескерткіш сыйлады.

«Бұған дейін он, он бес, сондай-ақ мектеп бітіргеннің жиырма жылдығына орай біз мектеп пен мешітке сыйлықтар жасадық. Биыл Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылды», – деді Қаратал ауылының тұрғыны Бекзат Сатыбалды.

Бюст мәдениет үйінің алдына қойылған. Тұғырдың тірегі граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан жасалған. Авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин.

Сондай-ақ ескерткіштің ашылу күні «Әлихан Бөкейханов және қазіргі Қазақстан» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Онда «Әлихан – Алаш Ақсораңы» жинағы таныстырылды. Кітапта Әлихан Бөкейхановтың шығармашылығын және «Алаш» партиясының қызметін зерттеушілердің мақалалары жинақталған.

«Әлихан Бөкейхановтың туған жерінде орнатылған ескерткіш – жаңа ұрпақтың оның идеяларын түсініп, сіңіре бастауының кепілі», – деп атап өтті конференция барысында филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына орай ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар