Қарқаралыда 200-ге жуық бұлақтың көзі ашылды
Әр көктемде өткізіліп тұратын тағылымды шараға ауыл ақсақалдары, жастар жаппай қатысты. Мамандардың айтуынша, Қарқаралыдағы 112 мың гектар аумақты алып жатқан ну орманда өсімдіктің 700-ден астам түрі өседі екен және аң-құстың 190 түрі мекендейді. «Мақсатымыз - табиғаттың осы байлығын сақтап қалу», - дейді жергілікті жұрт.
Соңғы жылдары игі жұмысқа ерікті түрде қатысатын белсенді жастардың қатары артып келеді. Биыл да мектеп оқушылары бір кісідей орманға бет түзеп, құстың ұясын орнатты, қыстан қалған күл-қоқысты жинады.
Сонымен қатар, орманның санитары саналатын құмырсқаның илеуін қоршауға алып, маңайын тазалады.
«Әз-Наурызымыз келді. Осыған байланысты қазақта көптеген жоралғылар бар. Соның бірі - бұлақтың көзін ашу. Бұлақтан бүкіл тіршілік нәр алады ғой. Үлкендер келешек жастарға үлгі болу үшін осы дәстүрді жалғастырып келеміз»,- деді Қарқаралы қаласының тұрғыны Тілек Сәдуақасов.