Қарулы күштер әскери барлаушылар күнін атап өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 5 қарашада Қарулы Күштер әскери барлаушылар күнін атап өтеді. Әскери барлау қызметінің құрылғанына 27 жыл толуына орай әскери бөлімдерде шаралар өткізіліп, осы саладағы үздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери барлаушылардың негізгі мақсаты – әрекеттегі немесе болжамды қарсылас туралы, оның әскери ресурстары мен жауынгерлік мүмкіндіктері, әлемдегі әскери ахуал жайындағы мәліметтерді алу және өңдеу бойынша кешенді шараларды орындау.

Әскери барлаушылар ұлттық мүддені қорғап, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Жыл сайын олардың жұмыс істеу әдістері мен тәсілдері дамып жатыр, алайда негізгі мақсаты өзгерген жоқ.

Қазақстан Қарулы Күштері арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері тұрақты түрде халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға қатысу арқылы жауынгерлік дағдыларын жетілдіріп, кәсібилігін дәлелдеуде. Соңғы бірнеше айда Қазақстанның арнайы бөлімшелері «Алтын үкі-2019» халықаралық жарысына, «Ыстықкөл-Аңырақай-2019», «Достарым-2109», «Түлкі аулау-2019» сынды оқу-жаттығуларға қатысты.

Жүктелген міндеттерді атқару үшін барлаушылар телекоммуникациялық, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы соңғы әлемдік жетістіктер негізінде құрылған заманауи техникалық құралдармен жабдықталған.

Барлық уақытта әскери барлау мемлекет тағдырында маңызды рөл атқарып, ұлттық мүдделердің сенімді қорғаушысы болды. Ол тарих беттерінде бейнесін өзгертсе де, өзінің жауынгерлік мақсатын сақтап қалды.

Соңғы жаңалықтар