Қаржы пирамидасын құрып, қарағандылықтардың 50 млн теңгесін қолды еткен алаяқ сотталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 34 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Қысқа уақыт аралығында алаяқ 67 адамды алдап, 50 млн теңгеден астам қаражатты қолды қылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылы мобильді қосымшалардың бірінде қарағандылық алаяқ чат ашып, оның көмегімен қолданыстағы инвестициялық бағдарлама туралы жалған ақпарат тарата бастаған.

Салымшыларды зиянкес бағдарламаның басты міндеті - салынған сомаға байланысты екі есе мөлшерде пайда алу мақсатында қаражатын белгілі бір биржаға инвестициялау деп сендірген.

Ол ойдан маркетингтік жоспар құрып, оған сәйкес жиналған ақшаға кейбір компаниялардың акцияларын сатып алып, басқа компаниялардың акцияларын сатуға жұмсалады деп көрсетілген.

Екі жыл бойы Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушілері күдікті кінәсінің бұлтартпас айғақтарын мұқият жинаған.

«Өзінің туыстары мен таныстарының банк карточкаларын пайдалана отырып, ер адам қолма-қол ақшасыз ақша аудару арқылы азаматтардан салым қабылдай бастады. 2019 жылғы 27 қазанда ҚР ҚК 217-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында 67 жәбірленуші анықталды. Оларға жалпы сомасы 51 млн 435 мың теңге залал келген. Сот үкім шығарды, оған сәйкес қаржы пирамидасын құрушы бес жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин.


Соңғы жаңалықтар