Қашықтан оқу: Ата-ана тарапынан баласының тәрбиесін, оқуын қадағалау күшейді - мұғалім

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Сафуан Шәймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясының қазақ тілі мұғалімі Әсем Құлыбекованың пікірінше, қашықтан оқудың да өз артықшылығы бар. Соның бірі – ата-ана тарапынан баласының тәрбиесін, оқуын қадағалау күшейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Сафуан Шәймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясының қазақ тілі мұғалімі Әсем Құлыбекованың еңбек өтілі 18 жыл. Балалардың өміріне, қауіпсіздігіне жауап бергендіктен мектептер амалсыздан қашықтан сабақ беру форматына көшкен. Қазақ классикалық гимназия «Microsoft Teams» платформасы арқылы жұмыс істейды. Ұстаздың айтуынша, әр жұмыстың артықшылығы, кемшілігі болады. Бұл форматқа көшкелі біраз қиындық туған. Оның басым бөлігі – техникалық, яғни интернеттің жоқтығына немесе сапасына байланысты.

«Қашықтан оқытуға көшу арқылы мен өзім көп нәрсені үйрендім. Бұл жағдай бізді жаңаша ойлауға, жаңа машықтарды меңгеруге түрткі болды.

Жалпы, жаңа форматқа көшкенімізбен жұмысымыз азайған жоқ. Сабаққа бұрынғыдай даярланамыз, түрлендіруге тырысамыз. Барлық әдіс-тәсілді қолданамыз. Платформада тақта да бар, әсіресе грамматиканы үйретуде ол өте қажет. Бала естігеннен гөрі, көзбен көргенді жақсы қабылдайды», - дейді Әсем Құлыбекова.


Гимназияда 5-11-сыныптар үшін сабақ бір ауысымда, түске дейін өтеді. Ал түстен кейін мұғалімдер мотивациясы төмен оқушымен, кімге консультация керек – солармен жеке-дара қосымша жұмыс істейді.

«Ата-аналар тарапынан түсініспеушілік жоқ. Олардың жауапкершілігі жоғары. Осы қашықтан оқуға көшкелі ата-аналармен байланыс нығая түсті. Олардың тарапынан балаларының сабағын қадағалау жақсарды. Бұрынғыдай мұғалімге, мектепке сеніп отырмайды.

Қашықтан оқудың балаға зияны жоқ деп ойлаймын. Олардың жаңа форматқа көшуден білімі ортайып қалған жоқ. Оқушы бұрын қалай оқыса – сол деңгейді ұстап тұр. Оқитын бала оқиды, оның артында ата-ана тұр», - дейді гимназия мұғалімі Әсем Құлыбекова.


Соңғы жаңалықтар