Қашықтан оқытудың бірінші күні: Ата-ана мен сарапшылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 6 сәуірден бастап Қазақстандағы мектептер қашықтан сабақ беру форматына кірісіп кетті. Мамандардың пайымынша, бұл жаңа формат негізінен бастауыш сынып оқушылары үшін біршама қолайсыз болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта ата-аналар тарапынан балаларға елеулі қолдау жасалуы тиіс. Осы орайда сабақтар қалай өтіп жатқаны турасында ата-ана мен мамандардың пікірін зерделеп көрдік.

Қашықтан оқытудың бірінші күнінде

Ақмола облысы Аршалы ауданындағы И. Құтпанұлы атындағы орта мектептің екінші сынып оқушысы Інжу Айтмұқанбет жаңа форматтағы оқытуға қатысты өзінің әсерімен бөлісті. Телесабақтар тиісті кестеге сәйкес өткізіліп, сабақ таңғы сағат 9:00-де басталды. Телеарналар арқылы сабақтар «Балапан», «Ел арна» арқылы өткізілді.

Інжудің айтуынша, қашықтан білім алудың бұл түрі өзіне ұнады. Себебі бұрынғыдай автобуспен мектепке барудың қажеттігі болмады.

«Маған бүгінгідей телеарнадан мұғалім апайдың түсіндіргені ұнады. Бірақ математика, қазақ тілі және орыс тілі бойынша үш сабақ қысқа өтті. Кейіннен, мектептегі өзімнің мұғалімім қосымша тапсырмалар беріп, анам жаңа тақырыптарды түсіндірді», - деді І. Айтмұқанбет.

Өз кезегінде баланың анасы Гүлдана Қаби қашықтан оқыту форматы жөнінде пікір білдірді.

«Барлығын түсініп отырмыз, төтенше жағдай кезінде балаларды осындай жағдайда оқытуға мәжбүрміз. Бірнеше күннен бері министрлік өкілдері де сабақтар телеарналарда неліктен 10 минуттан болатынын түсіндіріп жатыр. Төртінші тоқсанның бірінші аптасы болғандықтан, бізге бұл жаңа жүйені меңгеру белгілі бір қиындықтар тудыратыны түсінікті. Бүгін қызыммен бірге таңертеңнен бірге отырып, берілген тапсырмалар бойынша оқып жатырмыз. Екінші сынып оқушыларына телеарна арқылы сабақтар бүгін сағат 09:20-да басталып, үш пәнге жарты сағат уақыт бөлінді. Осыдан кейін сағат 10:00-ге қарай мектептегі мұғаліміміз электронды жүйе арқылы тапсырмаларды бізге жіберді», - деді Гүлдана Қаби.

Баршамыз үшін үлкен сын

«Бүгінде төртінші тоқсанды барлық қазақстандық мектептер қашықтан оқытып бастады. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға сәттілік тілеймін. Бәріміз үшін бұл - үлкен сын, бірінші рет осындай форматта білім беріп жатырмыз. Сондықтан бұл тәжірибенің оңтайлы болғаны маңызды. Білім және ғылым министрлігі бірнеше күннен бері қашықтан оқытуға қатысты ақпараттандырып келе жатыр. Бүгін таңертең осы оқыту жүйелерін іске қосу басталды. Сағат 09:00-ден телесабақтар басталды. Одан басқа электронды платформаларда да сабақтар жалғасуда», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Белгілі болғандай, бүгін таңертең бір миллионға жуық пайдаланушы электронды журналдар жүйесінде жұмыс істеді.

«Жалпы, білім саласы үшін Bilimland, «Күнделік», «Дарын онлайн» секілді оқыту тұғырнамалары тегін түрде тиісті жағдай жасауда. Сонымен қатар, телеарналарда жүріп жатқан сабақтар олардың Youtube каналдарында, сайттарында қолжетімді. Цифрлық ресурстарға қарасақ, 1 млн оқушы осы жүйелерді пайдаланып отыр. Бұл ретте өте белсенді пайдаланып отырғанын айтуға болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұғалімдерді, ата-аналарды немесе оқушыларды күштеп, платформаларға қосылыңдар деп мәжбүрлеуге болмайды.

«Біз тек қазіргі уақытта төртінші тоқсан қашықтан оқыту форматында қалай басталғанын байқап отырмыз. Осы орайда бұл процеске мұғалімдер мен оқушылар қаншалықты кірісе алғанын қарап шықтық. Жалпы, жақсы үрдісті байқадық, 3 миллионнан астам оқушы бар болса, соның 1 миллионға жуығы пайдаланып жатыр», - деді вице-министр.

Атап айтқанда, мектептерде қатып қалған сабақ кестесі жоқ. Осы орайда әр мектепте мұғалімдер өздеріне ыңғайлы сабақ кестесімен жұмыс істейді, педагогтерге шығармашылық еркіндік беріледі.

Негізі бірнеше күннен бері қашықтан оқыту кезінде тақырыпты түсіндіру тек телесабақ кезіндегі видеомен шектелмейтіні айтылып жатыр.

«Жалпы, біздің қоғам мектептерде бір сабақтың 40 минутқа созылғанына үйреніп қалған. Сондықтан «телесабақ неге 10 минут болып белгіленді» деген сауалдар орынды. Бұл 10 минуттық сабақтардың ішінде мұғалімнің жаңа тақырыпты түсіндіруі қамтылған. Атап айтқанда, сабақ осымен аяқталмайды. 10 минуттық көрсетілімнен кейін, әр мұғалім өзінің сыныбындағы балалармен жекелей жұмыс жүргізеді. Тақырыпты түсіндіру тек телесабақ кезіндегі видеомен шектелмейді», - деді вице-министр.

Осы орайда ол оқушының қолында оқу құралдары мен оқулығы, әдістемелік нұсқаулықтары бар екенін еске салды. Балалар оқулықтан тиісті материалдарды пайдаланып, тақырыпты өздігінен игере алады.

«Телеформаттан кейін әр мұғалім өзінің оқушыларына тапсырмалар береді. Теледидардан сабақты көргеннен кейін, оқушы үшін тақырып аяқталмайды. Оқушылар тапсырманы түсінгендігі жайында, орындаған тапсырмалары бойынша кері байланыс арқылы мұғалімін хабардар етеді. Сәйкесінше, 40 минутқа татитын сабақ өткізілгенмен тең болады», - деді Шолпан Каринова.

Вице-министр төртінші тоқсанды қашықтан оқытуға байланысты балаға бірінші апта қиын болатынын жеткізді. Осы жағдайда балаға ата-ананың қолдауы өте қажет. Сондықтан ата-ана баласына қолайлы жағдай жасап, үстелі мен оқу құралдарын бірге даярлап, эмоциялық әрі психологиялық жағынан көмектесуі керек. Көбіне бастауыш және орта буын оқушыларына ересектер өз тарапынан қолдау жасауы тиіс.

Психолог маман не дейді

«Қашықтан оқытудың оңтайлы тұсына тоқталсақ, балалардың көбі сыныптастары және мұғалім алдында тақтаға шығудан тартыншақтайды. Қазіргі жағдайда үйде, яғни өздеріне жайлы ортада білім алу кезінде бала үшін стресс аздау болады. Екінші жағынан балалар үшін ойын форматы іспеттес болып тұр. Оларға бұл тың формат қызық, сәйкесінше, олар оны үрей емес, ойын ретінде қабылдауда», - деді мектеп психологы Бақыт Абдрышева.

Сонымен қатар маман дәстүрлі мектепте білім алғанға үйреніп қалған кейбір балалар бұл формат басқалай реакция танытуы мүмкін екенін жеткізді.

«Жақында әлеуметтік желіде тараған видеоны көрген едім. Онда оқушы бұрынғы дәстүрлі тәсілмен мектепте білім алуды сұрап, жылап отырғанына куәгер болдық. Осы орайда бүгінгі тың форматтарды кейбір балалар қиын қабылдауы мүмкін. Бұл тұрғыда ата-аналары сабырсыздық танытып, жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Бала неге жылайды? Себебі оқушының анасы дауыс көтеріп, балаға дұрыс түсіндірмейді», - деді психолог.

Маманның пайымынша, қазіргі төтенше жағдайдағы ахуалды алдымен дұрыс түсініп, ересектер өз балаларына қолдау білдіруі керек. Бұл ретте қашықтан оқытудың маңыздылығын түсіндіріп, шыдамдық танытқаны абзал.

«Төртінші тоқсанның басында ата-аналарға осындай кеңес бергім келеді. Себебі ата-аналар - өз отбасындағы балаларды ынталандыратын ең басты адамдар. Қашықтан оқытуға қатысты ата-аналар тарапынан алаңдаушылық туындап отырғаны да түсінікті, өйткені олар білім сапасы төмендеп кетеді деп қорқады. Дегенмен де бұл жаңа тәжірибе, жаңа дағды әрі тың мүмкіндік екеніне назар аудару керек», - деді Б. Абдрышева.

Кемшіліктер зерделенеді

4-тоқсандағы сабақтар немесе қашықтан білім беру жайлы әлеуметтік желіде ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин де пікір білдірді .

«Бұл жерде біраз шешуге тиісті мәселелердің бары анық. Бірақ қашықтан білім беру дегеніміз тек бейнеконференция емес екендігін айтып өткім келеді. Турасында білім беру министрі онлайнның бейнеконференция түрінде болмайтындығы жайлы айтты. Ал bilimland.kz немесе daryn.online сияқты платформалардың сабақтарды қашықтан беру форматта өткізуге қажетті мүмкіндіктері бар. Ол жерде мұғалімдер тапсырма беріп, қай оқушы қай тапсырманы ашып көргенін көріп, әр сабақтан соң тест нәтижелерін қадағалай алады. Білім берудің цифрлық ресурстарының артықшылығы осында», - деді Б. Мусин.

Сонымен қатар ол бүгінде Кundelik жүйесі баршаға таныс екенін еске салды.

«Бұл жүйе мінсіз деп айта алмаймын. Бірақ ол жерде де тапсырма бере алады және береді, сабақ кестесін жүргізіп баға қояды. Сонымен бірге, Білім министрлігінің берген ақпараты бойынша kundelik-те бейнесабақтар мен оларға қатысты тест тапсырмалары бар», - деді Бағдат Мусин.



Соңғы жаңалықтар