Каспий теңізінен құтқарылған Түркия азаматы еліне қайтарылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Каспий теңізінен құтқарылған Түркия азаматы еліне жіберілді. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, Түркия азаматы 2020 жылдың 31 желтоқсанында Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына ауыр жағдайда түскен болатын. Жедел түрде хирургиялық емдеу шарасы жүргізілді.

Түрік тарапының 2021 жылғы 5 қаңтардағы шешіміне сәйкес, науқасты түрік санавиациясы арқылы еліне ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Науқас алдымен Ақтау қаласына Жаңаөзеннен жеткізілді. Сөйтіп Ақтау халықаралық әуежайы арқылы өз отанына ұшып кетті. Ол Түркияның солтүстік-шығысындағы Эрзурум қаласына аман-есен жетті.

Айта кету керек, 50 жастағы Түркия азаматы халықаралық көлік компаниясында жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді.

Бүгін Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы ұжымына Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас Консулы Музаффер Акйылдырымның атынан науқасқа шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілгені және сәтті ота жасалғаны үшін Алғыс хат жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Сарбаз» шекара кемесінің экипажы күрделі ауа райы жағдайында «Академик Хасан Алиев» паромынан Түркия азаматын құтқару операциясын өткізгені хабарланған болатын.

Медициналық көмекке мұқтаж ер адам Кендірлі шығанағы жағалауына шығарылып, Жаңаөзен қаласындағы ауруханаға жатқызылған еді.




Соңғы жаңалықтар