Каспийде еліміздің мүддесіне құқықтық негіз жасалды - Сенат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылғы 12 тамызда Бесінші Каспий саммиті барысында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Қазақстан Республикасы 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялады.

«Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды және қағидатты пікірталастармен қоса жүрген және жиырма жылдан астам уақыт алған ұзақ әрі аса күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың айқындамасы бойынша Құқықтық мәртебе туралы конвенция «Каспий теңізінің Конституциясына» айналды. Ақтау конвенциясы теңіздегі жағалау мемлекеттерінің үйлестірілген халықаралық-құқық жүйесі қарым-қатынасындағы жаңа негізін қалап, заманауи талаптарға жауап беретін Каспийдің жаңа құқықтық режимін жасайды», - деді Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүрлі режимдегі аумақтарға – ішкі суларға, ені 15 теңіз милі болатын аумақтық суларға, он мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді. Кеме қатынасы, биоресурстарды орынды қолдану, сондай-ақ су асты кабельдері мен құбырларды тартуға қатысты ортақ су кеңістігінің еркіндігі және жер қойнауын пайдалану бойынша егемендік құқықтарға қатысты жағалау мемлекеттерінің арасында теңгерім сақталған. Биологиялық ресурстарды қолдану және теңіз ортасын қорғауға қатысты мәселелер кешені реттелген.

«Қазақстан Республикасының заңнамасын Конвенцияның ережелеріне сәйкестендіру мақсатында бүгін Сіздердің қарауларыңызға Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізіліп отыр», - деді министр.

Конвенциялық ережелерді Заң жобасына имплементациялау аясында:

- аумақтық сулардың енін 12-ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту;

- белгіленген акваторияда теңіз ғылыми зерттеулерді және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүргізу тәртібін анықтайтын балық аулау аумағының төңірегінде «балық аулау аумағының режимін» енгізу;

- балық аулау аумағында су биологиялық ресурстар кәсібіне Қазақстанда айрықша құқықтарының сақталуын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың құзырын сондай-ақ, олардың өзара әрекеттесу ретін анықтау ұсынылып отыр.

Қолданыстағы қайшылықтар, олқылықтар мен коллизияларды жою, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің күнделікті қызметтік-жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету мақсатында Заңның қолданыстағы редакциясына басқа да түзетулер енгізілді.

Бүгін құжат екі оқылымда талқыланғаннан кейін, сенаторлар заңды қабылдады. Қазақстандық балықшыларға балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік туады.

«Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, заңның бірқатар нормалары су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар