Каспийдің қазақстандық секторындағы кеме саны екі есеге артады - Бейбіт Атамқұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конвенция Халықаралық теңіз ұйымының бастамасымен қабылданды. Бұл құжатқа 53 мемлекет қосылған. Конвенцияның негізгі мақсаты - суға батып кеткен кемелерді тез әрі тиімді алып шығу және апат салдарын жоюдың бірыңғай қағидалары мен рәсімдерін енгізу.

«Конвенцияда теңіз апаты кезінде болған залалды қаржылай өтеуді кепілдендіру бойынша кеме иесінің және туды көтеріп жүзетін мемлекеттің міндеттері бекітілген. Құжатты ратификациялау қажеттілігі Каспий теңізінде кеме қатынасының артуына байланысты туындап отыр. Бұл ретте Қазақстан - негізгі жүк құраушы мемлекет. Каспий теңізінде жалпы жүк айналымының шамамен 31 пайызы Ақтау және Құрық порттарында тиеледі. Бүгінгі таңда біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді түрде дамытып келеміз. Иранның Каспий маңы порттарымен жаңа автомобиль-паром қатынасы ашылды. 2021 жылы Ресейдің Махачкала портымен теміржол-паром қатынасын ашу жоспарланып отыр», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Ақтау және Түркменбашы порттары мен Иранның Амирабад порты арасында тұрақты контейнерлік желілер іске қосылды.

«Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай Каспий теңізінің қазақстандық секторына кіретін кемелер саны екі есеге ұлғаяды. Тиісінше теңіз апаттарының болу тәуекелі артады», - деді министр.

Оның айтуынша, конвенцияны ратификациялау теңіз апаттары болған кезде Қазақстанның мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасайды. Біріншіден, еліміздің суларына кіретін кеме иелерінің өз жауапкершілігін сақтандыру немесе суға батқан кемені алып шығару міндетін белгілейді. Бұл Қазақстанға кемені көтеру шығындарын өтеуді тікелей сақтандыру компаниясынан талап етуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, туын көтеріп жүзетін мемлекеттің теңіз әкімшілігінен кемені көтеру және апат салдарын жою міндеттерін орындауды сақтандыру туралы куәлік түрінде кепілдік алады.

Үшіншіден, теңіз апаты болған жағдайда Қазақстанның теңіз әкімшілігінің, кеме иесінің және шетелдік кеменің теңіз әкімшілігінің іс-қимыл тәртібін анықтайды.


Соңғы жаңалықтар