Каспийдің суы мен Ақтау қаласы ауасының тазалығы қалай тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда елдің экономикасын дамытумен қатар, экологиясын да қадағалау мен қалыпқа келтіру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Әсіресе, ауаны ластайтын өнеркәсіп кәсіпорындары заң талаптарына сай жұмыс істеулері тиіс және олар қатаң бақылауда болу керек. Қазіргі уақытта экономиканы көтереміз деп экологияға зиян келтіретін болсақ, соңы жақсылыққа апармасы анық. Адамзат үшін ауа мен судың тазалығы таразыға түсіп тұрған шақта зертханалардың да жұмысына зейін қойған абзал.

Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қазгидромет кәсіпорны — атмосфералық ауа мен жер үсті суларының сапасын бақылайтын жалғыз мекеме. Оның Маңғыстау облысындағы зертханасы Ақтау теңіз порты аумағында орналасқан. Мұның символдық мәнінің бар екені анық. Себебі, 2003 жылы ашылған зертхана тек атмосфералық ауаның, түптік шөгінділер мен топырақтың химиялық құрамын ғана емес, өнеркәсіп кәсіпорындар атмосфераға тарататын шығарындыларды, теңіз суының сапасын да тұрақты бақылайды. «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы филиалы экологиялық бекетіндегі сынақ зертханасының басшысы Назира Рыскелдиевадан Каспий суы мен Ақтау қаласының ауасы қалай тексерілетінін білген едік.

«Каспий теңізінде Ақтау қаласы бойынша 4 нүкте бар. Сол жерлерден әр ай, әр тоқсан сайын су сынамасын алып, 28 көрсеткішке тексереміз. Олар Приморский ауылы, Достар жағалауы, «Бриз» яхт-клубы аумағында орналасқан. Ал қаланың өзінен тыс бақылау пункттері Форт-Шевченко қаласында, Қаламқас кен орнында, Фетисово ауылында, Қарабұғаз шығанағында, Бөгет ауданында, Құрық, Адамтас маягі аудандарында, Батыс Бузачиде, Шақпақ Атада, Кангада, Қызылөзенде, Саурада, Қызылқұмда, Оңтүстік және Солтүстік Кендірліде, Қалың, Арман және Қаражанбас кен орындарында, Арбат қорымы аумағында тұр. Негізгі тексерілетін компоненттер – су температурасы, еріген оттегі, хлоридтер, сульфаттар, қалқыма бөлшектер, кальций, магний, темір, мұнай өнімдері және тағы басқалар», - дейді Назира Рыскелдиева.

Каспий теңізі суына қатысты халықтан қандай да бір шағым түссе зертхана жоспардан тыс тексеру жүргізеді.

Назира Рыскелдиеваның айтуынша, Каспий теңізінде балдырлардың гүлдеуінен қыс айларында теңіз жағалауының қызыл түске боялады екен. Осы кезеңде итбалықтардың жағаға шығып кетуі немесе өлу жағдайлары тіркелсе су сапасын тексеру үшін жоспардан тыс жұмыстар ұйымдастырылады. Соңғы рет мұндай жағдай қаңтар айында болған. Жағада бір итбалықтың өліп жатқанын көрген адамдар осы мекемеге хабарласқан. Бірақ, тексергендегі нәтиже итбалықтың өлуіне судың ластануы себеп болмағанын көрсеткен.

Биыл Каспий теңізінде судың құрамындағы элементтердің белгіленген нормадан асу жағдайы тіркелмеген. Жақында зертхана жер асты, жер үсті сулары, ауызсу, атмосфералық ауа, топырақтың құрамын мониторингілеу бойынша қайта аккредитациядан өткен. Бұл – мекеменің жекелеген өндіріс орындарын тексерулеріне мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта біз теңіз порты мен солтүстік терминалға қызмет көрсетіп жатырмыз. Ай сайын мұнай өнімдерін қараймыз. Айлақтардағы белгіленген нүктелерден су аламыз. Құрамын тексеріп, хаттама береміз»,- деді маман.

Ал суға мұнай құйылып кеткен жағдайда Қазгидромет зертханасы жергілікті экология департаментімен бірге тексеріс жүргізіп, сараптама жасайды. Зертхана басшысының айтуынша, Ақтау ауасының көрсеткіштері басқа қалалармен салыстырғанда жақсы. Тек кейде шаңның ғана мөлшерден асып кету жағдайлары тіркеледі. Қала тұрғындары атмосфералық ауаның жағдайын AirKZ қосымшасы арқылы онлайн-режимде біліп отырады. Ондағы ақпарат көшелердегі лэд-экрандардан көрсетіледі.

«Ақтау қаласында атмосфералық ауа мониторингінің 4 стационарлық бекеті, 2 автоматты станциясы бар. Жаңаөзен қаласына 2, Бейнеуге 1 автоматты станция қойылған. Барлығынан ақпарат әр 20 минут сайын алынып отырады», - дейді зертхана басшысы.

Қазақстан жерінің асты да үсті де бай. Тек соны біріншіден бағалай білсек, екіншіден, аялай білсек болғаны. Теңізге бір тамшы мұнай тамызбасақ, саф ауамызды ластамасақ, орманымызды отамасақ, қоршаған ортамызды қорғасақ қана кейінгі ұрпақ бізге кейімейтін болады. Халықтың экомәдениетін қалыптастыру ісін де естен шығармайық.


Соңғы жаңалықтар