Қасым-Жомарт Тоқаев: Елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады. Мұны шетелдің тәжірибесінен көріп отырмыз. Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл, халықтың денсаулығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет екендігін баса айтты.

«Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, видео байланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.



Соңғы жаңалықтар