Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды әділ өткізу жайында: Жіті қадағалаймын
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Мәжіліс және мәслихаттар депуттарының сайлауымен басталмақ. Мұның символдық мәні зор. Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және мазмұндық тұрғыдан тың серпін беретіндігі анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті бұл науқан ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайдың жасалатындығын баса айтты.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім. Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік. Отанымыз мәңгі жасасын! Халқымыз әрқашанда аман болсын!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.