Катардан келген гуманитарлық көмек қалай таратылады – «СК-Фармация» жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «СК-Фармация» компаниясы Катардан келген гуманитарлық көмекке байланысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нақтырақ айтқанда, 8 және 9 шілде күні әлеуметтік желілерде дәріханаларға Катардан келген ( болжам бойынша) гуманитарлық көмек тауарлары түсіп жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Сонымен бірге әлеужелі қолданушылары гуманитарлық көмек неліктен ұзақ уақыт бойы халыққа жетпей жатқанына қатысты наразылықтырын білдірді. Себебі ол жақтан гуманитарлық көмек 21 мамырда жеткізіліп қойған болатын.

«Төтенше жағдай кезінде Қазақстанға АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Үндістан, БАӘ және Пәкістаннан гуманитарлық көмек келді. Ең ірі қазақстандық (Abdi Ibrahim, Қазатомөнеркәсіп, Bayer Қазақстан, «Технология Қазақстан» ЖШС, «A.N.P.» ЖШС, «ABMG Expert» ЖШС), сонымен қатар әлемдік компаниялар (Alibaba Foundation, Sandoz, АстраЗенека (Уси) Трейдинг Ко., Лтд., UNISO, Miniso, China Construction Bank, Abdi Ibrahim Turkey) Қазақстанға коронавирус инфекциясымен күресу үшін гуманитарлық көмек жіберді. Келіп түскен барлық көмекті КВИ-мен күреске жұмылдырылған медициналық ұйымдарға Денсаулық сақтау басқармалары таратты», - делінген «СК-Фармация» хабарламасында.

Компания сонымен қатар 11 мамырда төтенше жағдай аяқталып, гуманитарлық көмекті тарату қызметін жүргізетін оператордың да жұмысы тоқтағанын мәлімдеді.

«Катардан гуманитарлық көмек Қазақстанға 2020 жылдың 21 мамырында келді. Осы уақытта төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты «СК-Фармация» ЖШС-ның гуманитарлық көмекті тарату жөніндегі оператор ретіндегі функциялары аяқталды. Сонымен қатар Катардан жеткізілген медициналық бұйымдармен бірге келуі тиіс құжаттар, тауардың сапасын растайтын құжаттар, медициналық бұйымдарды бірреттік кіргізу туралы міндетті рұқсат беруші құжаттар болмады. Онсыз елде медициналық бұйымдарды пайдалануға болмайды», - делінген компания ақпаратында.

Сонымен бірге «СК-Фармация» ЖШС тиісті құжаттарды жеткізу бойынша ҚР СІМ-мен жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлайды.

«Медициналық бұйымдарды бірреттік әкелу бойынша рұқсат қағазы 2020 жылдың 20 маусымында ғана жеткізілді. 4 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «СК-Фармация» ЖШС гуманитарлық көмекті алу бойынша оператор ретінде тағы айқындалды. Тиісті құжаттардың бәрі қолға түскеннен кейін гуманитарлық көмек шеңберінде әкелінген медициналық бұйымдардың бәрі де өңірлерге тең дәрежеде таратылды. Қазіргі уақытта ол бұйымдар Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында жатыр. Ол бұйымдарды дәл қазір Денсаулық сақтау басқармаларына жолдау үшін тией беруге болады», - делінген хабарламада.

Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сақтау қоймалары видеобақылау камераларымен жабдықталған. Медициналық ұйымдар қабылдар алдында тауарларды тексеріп, келген құжатымен қайта тексеріп, жауапты адамдар қолдарын қояды.

Қазақстанға Катардан келген гуманитарлық көмек аясында келесі медициналық бұйымдар жеткізілген:

- 22 мың дана бірреттік қорғаныс маскасы;

- N95 медициналық қорғаныс маскалары - 67 мың дана.;

- өлшемі175х95 мм болатын бір рет қолданылатын маска - 74 мың дана.;

- өлшемі 17,5 см х 9,5 см болатын хирургиялық маска - 20 мың дана.;

- N95 медициналық қорғаныс маскасы - 2500 дана;

- бір рет пайдаланылатын медициналық LONNY маскасы - 39 825 дана;

- өлшемі 17,5см х 9,5см болатын санитарлық қорғаныс маскасы 119 918 дана;

- өлшемі 17,5х9,5 см болатын, бетке арналған маска - 96 мың дана;

- бір рет пайдаланылатын, бетке арналған маска - 3 900 дана;

- 9 350 дана көлемінде пластикалық маска;

- өлшемі 330х220 мм болатын пластикалық маска - 2 880 дана;

- өлшемі 175 (L) болатын арнайы костюм - 560 дана.;

- өлшемі 18 дюймдік қорғаныс костюмі (XXL) - 40 дана;

- медициналық қорғаныс костюмі (бірреттік 170, 175, 180 см) - 2760 дана;

- хирургиялық костюм (L) - 32 600 дана;

- 29 990 дана OBAOLAY қорғаныс көзілдірігі.

Компания сонымен бірге қазақстандық кәсіпкерлердің қаржылай көмек түріндегі гуманитарлық көмегі «Біргеміз» қорына түскенін хабарлады.



Соңғы жаңалықтар