Қауіпті 23 учаске бар: ШҚО тұрғындары сел туралы ескертілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 5 мамырда сел жүру қаупі жоғары кезең басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 23 учаскеде сел жүру қаупі бар. Олар Катонқарағай, Зайсан, Үржар, Тарбағатай, Алтай аудандары мен Риддер қаласында орналасқан.

«Аталған аудандардағы тауларда 13 елді мекенге қауіп төндіретін 146 мұздақ көл анықталып отыр. Мамандар қауіпсіздік мақсатында жыл сайын аэровизуалды бақылау жүргізеді. Сондай-ақ облыста сырғыма қаупі бар 9 учаске тіркелді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сел жүру қаупі жоғары кезеңге дайындық мақсатында департамент өкілдері «Қазселденқорғау» ММ мамандарымен бірлесіп бірқатар шараларды қолға алды. Атап айтқанда, сел және сырғыма қаупі бар учаскелерде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жоспарын әзірледі. Өзен арналары мен қауіпті учаскелерде жоспарлы жерүсті және аэровизуалды бақылау кестесі жасалды.

«Сонымен қатар мұздақ көлдерде батиметриялық жұмыстар жоспарланған. Сел қаупі бар учаскелерде 46, сырғыма қаупі жоғары аумақтарға 18 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес облыс аумағында күштер мен құралдар тобы құрылды. Оның құрамына 547 адам, 77 техника, 122 жылжымалы мотопомпа және 30 жүзу құралы кіріп отыр. Қазіргі уақытта аймақ бойынша жағдай тұрақты», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар