Қауқарлы құжат қабылданды, қарымта қайтару – қоғамнан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент лауазымына сайланған сәттен-ақ еліміздің саяси өмірін либерализациялауға бағытталған бірқатар саяси реформаны ұсынғаны есте. Осы орайда Мемлекет басшысы бастамалары аясында әзірленіп, күшіне енген алғашқы құжат «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң болғаны сөзсіз. Бұл заң 2020 жылдың 25 мамырында қабылданып, 10 күннен кейін заңды күшіне енген еді.

Бірден айтайық, бұған дейін де елімізде 1995 жылы қабылданған бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін реттейтін заң болған. Бірақ, ол «Елу жылда – ел жаңа» демекші, осы уақытқа дейін өзектілігін жойып, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алмайтын күйге жеткен-ді. Сондықтан да отандық және халықаралық беделді сарапшылар жоғары аталған заңды әзірлеу әрі қабылдау уақыты пісіп-жетілгендігін нақты дәлелдеп берген еді. Осылайша аз уақыттың ішінде әзірленген бұл заң қолданыстағы заңға тек қана өзгерту енгізу емес, түбегейлі жаңа құжат болып дайындалды.

Заң жобасын әзірлеу кезеңі де мамандарға оңайға соққан жоқ. Өйткені әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы салдарынан құжатты жүзбе-жүз отырып талқылау қиынға соқты. Дегенмен, құжаттың әрбір нормасын, бабын пысықтау, пісіріп-жетілдіру ісіне еліміздің азаматтық секторының барлық өкілі қатыса алды. Мемлекет ешкімді алаламай, азаматтық қоғамның да, сарапшылық қоғамдастықтың да, тіпті халықаралық ұйымдардың да өкілдеріне заң жобасын әзірлеу әрі талқылау кезінде барлық қажетті мүмкіндікті жасады. Онлайн форматтағы талқылауларды да өткізді. Айталық, заң жобасы еліміздің 9 қаласында 20-ға жуық тыңдаудан өтті. Парламент қабырғасындағы жұмыс тобының отырыстарына құқық қорғау, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсене қатысты. Тіпті Мәжіліс спикерінің өзі еліміздің барлық өңірінің 100-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Міне, осындай талқылаудың әрбір сатысының қорытындысында заң жобасына тиісті өзгертулер енгізіліп отыр. Айта кетерлігі, қабылданған заңның бастапқы редакциядан 50 пайызға айырмашылығы бар. Өйткені онда азаматтық сектор өкілдерінің барлық пікірлері ескерілген еді. Сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия, Сингапур, Жапония, Швеция, Ресей сынды елдердің бейбіт жиналыстарға арналған құқықты қамтамасыз ету саласындағы халықаралық заңнамасы тыңғылықты зерделенді. Әлеуметтік желідегі қоғам пікірі жіті зерделеніп, әлеуметтік зерттеулер нәтижелері де қаперге алынды.

Заңның ерекшеліктері

Дәл осы құжатқа қатысты қарама-қайшы пікірлердің көп болуы заңды әзірлеуші Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үшін барлық мүдделі тараптың қажеттілігін қанағаттандыруда теңгерім табуын қиындата түсті. Дегенмен, министрлік бейбіт жиналыстар еркіндігін мойындайтын халықаралық құжаттарда көрсетілген барлық міндет пен талапты қаперге ала отырып, осынау қиын тапсырманы ойдағыдай жүзеге асыра алды. Мәселен, заңның 3-бабы 5-тармағына бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция туралы норма енгізілді. Яғни, мемлекетке шамадан тыс бюрократиялық реттеусіз жиналыстардың шынайы еркін өтуіне жағдай жасайтын қажетті тетіктер мен процедураларды құру міндеттелді. Нәтижесінде елімізде бейбіт жиналыс өткізу үшін биліктің рұқсаты қажет емес. Жергілікті атқарушы органға бұл жайында хабарлау ғана жеткілікті. Бұған қоса, хабарландыруға жергілікті атқарушы органның жауап беруі де талап етілмейді. Үндемеу – келісу деп саналады. Дегенмен, мемлекеттік органдарға заңды негіздеме болған жағдайда бейбіт жиналысты өткізуге рұқсат беруден бас тарту құқығы да берілген. Бұл ретте мемлекеттік орган бас тарту негізін нақты дәлелдеп беруі тиіс.

Тағы бір жайт, құжатта бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін заң бұзушылықтарды жою үшін бейбіт жиналысты тоқтату негіздері де қарастырылған. Бұл орайда мұндай келеңсіздіктер жойылған жағдайда ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің арасындағы келісім негізінде бейбіт жиналыс қайтадан жалғасады. Сонымен қатар бейбіт жиналысты ұйымдастыруға не өткізуге кедергі келтіретін тұлғаларға да жауапкершілік көзделген. Бейбіт жиналыс өткізуге арналған хабарландыру тәртібі енгізілгеннен кейін әкімдіктер бейбіт жиналыс өткізуге жәрдемдесу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау сынды барлық қажетті ұйымдастыру іс-шараларын жүргізуге міндетті. Демек, ендігі уақытта ұйымдастырушы мұндай міндеттен әрі оған кететін қаржылық шығындардан толықтай босатылған.

Әрбір өңірде бейбіт жиналыстарды өткізуге арналған арнаулы орындар қаланың, ауданның орталығында міндетті түрде болуы тиіс. Бұған қоса, заңда мұндай арнаулы орындардың санына шектеу қойылмаған және қажеттілікке байланысты бір қалада ондай ондаған орын болуы да мүмкін.

Сондай-ақ заңда кез келген орында ереуіл жасауға болатындығы көрсетілген. Бірақ жаппай жерлеу орындарында, стратегиялық және әскери нысандарда, Қазақстан Республикасы Президенті, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы резиденциясына іргелес аумақта ереуіл жасауға тыйым салынады. Осылайша, жалғыз адамның да ереуілді кез келген жерде, кез келген нысанда, оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарында жасауға болады. Бұл азаматтардың үнінің билік органдарының естуіне жол ашады.

Әлем тәжірибесі қандай?

Жоғарыда кейбір жерлерде ереуіл жасауға тыйым салынғанымен, жалпы кез келген орында мұндай іс-шараны өткізуге болатынын атап өттік. Ал әлемдік тәжірибе қандай? Мұндай тыйым өзге де елдерде бар ма екен? Осы сауалдарға жауап табу үшін біраз елдің тәжірибесіне көз жүгірттік. Мәселен, АҚШ-тың кейбір штатында «тыныштық аймағы» белгіленген. Ал Австрияда Ұлттық кеңес, Федералды кеңес, Федералды жиналыс не болмаса Парламент отырыстары өтіп жатқан кезде сол ғимараттардан 300 метр радиусқа дейін жиналыс өткізуге тыйым салынған. Германияда да мұндай тыйым бар. Нақтырақ айтар болсақ, елдің Парламент ғимараты төңірегінде жиналыс, шеру өткізуге болмайтын аймақ бар. Латвияда Президент резиденциясы мен Сейм және Министрлер кабинеті, сот, прокуратура, шетелдік дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ғимаратына 50 метр жақын жерде шеру мен ереуіл өткізуге қатаң тыйым қойылған.

Сын шын болуы тиіс

Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін де оның нормаларының өмірде шынайы жүзеге асырылуына қатысты сыни пікірлердің де бар екені жасырын емес. Халықаралық және құқық қорғау ұйымдары «әкімдіктер бейбіт жиналысқа рұқсатты іріктеу әдісімен жүзеге асырып, Үкімет саясатын сынайтындардың мұндай іс-шаралар өткізуіне кедергі келтіреді» деген пікірлерін де айтып қалады. Бірақ бүгінге дейін олардың мұндай дәлелдері дәйексіз. Өйткені, коронавирус пандемиясының таралуына және одан туындаған салдарға байланысты азаматтардың қоғамдық өмірі айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны белгілі. Оның үстіне мұндай іс-шараны ұйымдастырушылар хабарландыру беру барысында регламентті сақтамайды және оның түзуге қатысты бірқатар талапты қаперге мүлдем алмайды. Мысалы, бейбіт жиналыс формасын, оның аяқталатын уақытын, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыс өткізу регламентін, сондай-ақ ресми құжаттарда көрсетілген ұйымдастырушыға қатысты мәліметтерді ұсынбайды. Ал мұндай жайт жергілікті атқарушы органның бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеуге себеп болатыны айтпаса да түсінікті. Демек, мемлекеттік органдар тарапынан бейбіт жиналыстарды өткізуге мақсатты түрде шектеу бар деп айтудың өзі қисынсыз.

Осы орайда статистикалық деректерге де көз жүгірткеніміз жөн. Заң 2020 жылдың маусымында қабылданды. Сол уақыттан бастап желтоқсан айының соңына дейін елімізде 277 бейбіт жиналыс ұйымдастырылған екен. Ал 2019 жылдың қаңтары мен 2020 жылдың мамырына дейінгі аралықта ұйымдастырылған мұндай іс-шара небәрі 27 ғана. Демек, заң қабылданғаннан кейін бейбіт жиналыстар өткізу 10 есеге артып отыр.

Қорыта айтқанда, қоғамның толғандырар мәселелерін билікке жеткізу үшін емін-еркін бейбіт жиналыс өткізуге барлық мүмкіншілік жасалған. Ендігісі ел өміріне бейжай қарамайтын, қоғамдағы кемшіліктерге төзбейтін және оны түзеуге ұмтылатын азаматтардың қолында.


Соңғы жаңалықтар