Қайрат Келімбетов - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Жарлығымен Қайрат Келімбетов Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Нематұлы Келімбетов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы болып тағайындалсын» делінген Президент Жарлығында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында биыл стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын мәлім еткен болатын.

9 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды.

Қайрат Келімбетов 1969 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, Джорджтаун университетінің (АҚШ, Вашингтон) арнаулы бағдарламасын бітірген.

1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңес хатшылығының аға сарапшысы, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің департамент директорының орынбасары, директоры.

1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің департамент директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының бірінші қаржы вице-министрі.

2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2006-2008 жылдары - «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. 2008 жылы қаңтардың 23-інде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

2008 жылғы қазанның 13-інен - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы. 2011 жылғы сәуірден - ҚР Экономика және сауда министрі. 2012 жылғы 20 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

2013 жылдың қазанынан ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы қызметін атқарды.

2015 жылғы желтоқсан айынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы болып қызмет етіп келеді.

«Құрмет» орденімен (2005), «Парасат» медалімен (2010) марапатталған.


Соңғы жаңалықтар