Қайрат Мәми Алжир Конституциялық кеңесінің төрағасымен кездесті

None
None
АЛЖИР. ҚазАқпарат - Қайрат Мәми Алжир Конституциялық Кеңесінің төрағасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Конституция Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай , Алжир астанасында Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық Кеңесінің 30 жылдық мерейтойына арналған ресми іс-шаралар өтуде.

Осы іс-шара аясында «Әлеуметтік бейбітшілікті қамтамасыз етуге конституциялық сот төрелігінің үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бағдарламаға сәйкес, Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми «Қоғамдағы әлеуметтік бейбітшілікті қамтамасыз етудегі Конституциялық бақылау органдарының рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

Ол қоғамдағы бейбітшілік аса маңызды конституциялық құндылық екенін атап өтті.

«XXI ғасырда социумның мұндай жағдайына қол жеткізу ерекше өзекті. Әлеуметтік бейбітшілік кепілдігін бірінші кезекте Конституциядан іздеу керек. Конституциялық әділет органдарының қызметі азаматтық бейбітшілікті бұзудың ықтимал себептері болып табылатын заңдағы және оны қолдану тәжірибесіндегі қайшылықтар мен олқылықтарды анықтау және оларды жою жолдарын көрсетумен байланысты. Конституционализмді нығайту және құқық үстемдігі қағидаттарын күшейту мемлекеттердің бейбітшілік, келісім және үдемелі дамуының кепілі болып табылады», - деді спикер.

Сонымен қатар, Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы өзінің алжирлік әріптесі Камел Фениш мырзамен кездесу өткізді, соның барысында екі органның конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.

Қорытындылай келе Қ. Мәми оны 27-28 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шараларға қатысуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар