Қайырымды істер марафоны: Өткен аптада қазақстандықтар қандай игі істер атқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының аясында қазақстандықтар өткен аптада 600-ден астам акция мен қайырымдылық іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күн сайын бүкіл ел бойынша белсенді азаматтар мұқтаж адамдарға көмектесіп, айналасындағыларға жағымды эмоциялар сыйлауда.

Мысалы, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкенттегі республикалық «Жас Ұлан» мектебінің курсанттары 58 бала тәрбиеленіп жатқан №3 балалар үйінде сенбілік өткізді. Курсанттар балалармен бірге таңертеңгілік жаттығу жасап, мекеменің аумағын тазалап, абаттандырды.

«Біз ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың білім алуына және дамуына үнемі өз үлесімізді қосуға тырысамыз», - деді Шымкент қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің бастығы, полковник Ғазиз Төлеушев.

Айта кету керек, «Жас Ұлан» мектебі мен балалар үйінің арасындағы достық қатынас бірнеше жылдан бері жалғасуда. Дәстүр бойынша жыл сайын әскери мектептің әскери қызметшілері мекемеге қолдан келгенше көмек көрсетіп келеді.

Жамбыл облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бастамасымен «Ізгілік айы» қайырымдылық іс-шаралар циклі жалғасуда. Халықтың осал топтарынан, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға арналған қайырымдылық акциясын Еуразиялық экономикалық одақ, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қолдады. Облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің өкілі Лола Давлатова жоғарыда аталған қайырымдылық ұйымдардың көмегімен 44 балаға көмек көрсеткендерін атап өтті.

«Әр балаға 200 мың теңгенің оқу құралдары мен жеке гигиена заттарын, яғни күнделікті мектеп және спорт киімдеріне арналған сөмкелер таратылды», - дейді ассамблея өкілі.

Сонымен қатар, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы балалар мен ата-аналардың құжаттарын рәсімдеуге көмектесуде. Акцияны ұйымдастырушылар «Ізгілік айы» қайырымдылық іс-шаралар циклі Рамазан айының соңына дейін жалғасатынын айтады.

Ал Батыс Қазақстан облысында Бөкей орда ауданының Мұратсай ауылында А.Құсайынов атындағы мектептің 2001 жылғы түлектері жалғыз басты ана Қаниса Мұсағалиева баспана сыйлады.

«Екі балам бар, екеуі де бастауыш сыныпта оқиды. Өзіміздің баспанамыз жоқ еді. Қамқор адамдардың арқасында шағын отбасымызға жарамды үй пайда болды. Мұқтаж жандардың тағдырына бейжай қарамайтын барша адамдарға тағы да алғыс айтқым келеді, сіздерге үлкен рақмет», - деді Қаниса Мұсағалиева.

Солтүстік Қазақстан облысында «Азаматтарға арналған үкімет» МК өңірлік филиалының қызметкерлері қараусыз қалған жануарларға баспана ұсынатын «Белый Бим» мекемесіне көмек жасады. Еріктілердің қаражатына салынған бұл орында 400-ден астам ит бар. Мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері 60 келі құрғақ жем, 20 келі жарма ботқасы мен шынжыр, қарғыбау, карабин сияқты ит әбзелдерін апарып берді.


«Біз әлеуметтік желідегі «Белый Бим» мекемесінің көмек сұраған үндеуіне үн қосу керек деп шештік. Осы мекемеге тұрақты көмектесіп жүрген еріктілердің бірі – біздің әріптесіміз. Сатып алған заттарды сол адам арқылы беріп жібердік. Біз келешекте де осы ұйымға көмектесе береміз» - дейді филиалдың HR-менеджері Ермек Жакин.

Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында басталған болатын. Жобаның ең маңызды міндеттерінің бірі – қайырымды азаматтар мен ұйымдардың басын қосып, қоғам өмірін жақсы жағына өзгертуге мүмкіндік беретін жомарттық пен мейірімділік идеясына негізделген қоғамдастықты бірге құру. Марафонға кез келген адам #ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР МАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хэштегтері бойынша әлеуметтік желіде өз игі істерімен бөлісу арқылы қосыла алады.

Барлық ұйымдастырушылық сұрақтары бойынша үйлестірушілермен мына телефон нөмірі +7 7172 22 12 24 бойынша, немесе инстаграмдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунты арқылы байланысуа аласыздар.


Соңғы жаңалықтар