Қайырымдылық: Елордада танымал суретшілердің картинасы сатылымға қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар отандық және шетелдік танымал суретшілердің картинасын сатып алу арқылы, қайырымдылық іс-шараға өз үлестерін қоса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маған көрме ұйымдастыру арқылы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерді қолдау идеясы келді. Себебі осы аурудың кесіріне әжемнен айырылдым. Және менің жан құрбым да осымен ауырып шықты. Құрбыма дерт өте қиын соқты, әрине мен бар қолдауымды аямадым. Тағы бір мәселе қазіргі әйелдер сүт безі қатерлі ісігінің қаншалықты қауіпті екеніне аса мән бермейді. Мысалы, Еуропада әйелдер міндетті түрде жылына 2 рет маммография тексеруінен өтеді. Олар үшін бұл қалыпты жағдай және аурудың алдын алады», - деді «KULANSHI» заманауи өнер орталығының директоры, көрмені ұйымдастырушы Лейла Махат.

Көрмеде қазақстандық суретшілер Сәулет Жәнібек, Лейла Махат және София Тэйдердің туындылары, одан бөлек суретші Рон ди Сзенза (Италия), Ханнан Мильнер (Израиль), Ольга Орешникова (Израиль) еңбектері сатылымға қойылды.

«Менің сурет салудағы жанрым негізінен сюрреализм. Карантин кезінде үйде отырып жаңа бағытты қолға алып көрдім. Осылайша портретті таңдадым. Соның нәтижесі бүгінгі көрмеге қойылып отыр. Картинаның атауы «Әнел» бұл менің досымның 7 жасар қызының потреті. Суретті салуға 3-4 күн уақыт жұмсалды», - деді отандық суретші Сәулет Жәнібек.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерді қолдауға арналған көрме ашылды.


Соңғы жаңалықтар