Қазақ ақсақалы Моңғолия Парламентінің спикеріне қамшы сыйлады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ ақсақалы Моңғолия Парламентінің спикеріне қамшы сыйлады - KAZNEWS

Моңғолия Парламентінің спикері Гомбожавын Занданшатар 28 қыркүйекте Баян-Өлгей аймағына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, спикер өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында төмендегідей жазба қалдырыпты.

«Баян-Өлгейде тұрғындармен кездесу кезінде әкемнің сыныптасы, еңбек сіңірген агрономшы Рахадыл және әкеммен бірге «Чандаган» бірлестігінде жұмыс істеген тракторшы Айыпхан өздерінің жақсы естеліктерімен бөлісіп, маған жақсылық пен табыс тіледі. Рахадыл ақсақал қазақтың қамшысын сыйға тартты. Ол қамшының елде әділдікті, тәртіпті сақтау үшін қажет болатынын айтты. Әкемнің достарының батасын қабыл алып, әділеттілік жолында өзімді де қамшылап жүретін боламын» -делінген.


Шавкат Мирзияев Нүкіс қаласындағы жыраулар мектебіне барды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қарақалпақстан Республикасына барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нүкіс қаласында жаңадан ашылған опера және жыраулар мектеп-интернатына барды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Опера және жыраулық мектеп-интернатының бұл ортада ашылуына қарақалпақ елінің өзіне тән дәстүрлі жыраулық мақамының сақталуы түрткі болған. Соның негізінде бұл жерден Өзбекстан және Қарақалпақстанның халық жыраулары мен еңбек сіңірген әртістер шыққан.

«Жыраулық дәстүрді жалғастырып, оны жас ұрпаққа жеткізуге қызмет ету мақсатында жаңадан бой көтерген мектеп, өткен айда пайдалануға берілген. Дәстүрлі білім ордасы 150 орынға арналған. Мұнда 9-шы сыныпты аяқтаған дарынды оқушылар конкурстық негізде қабылданады. Қазіргі уақытта 30-ға жуық ұл мен қыз оқуды бастап, оларға белгілі өнер шеберлері мен тәрбиешілері сабақ беруде», - деп жазады ӨзА.

Ақпарат көзінің жазуынша, жаңадан ашылған мектеппен арнайы барып танысқан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев «Мұндай мектептерді ашудың басты мақсаты - тарихымызды, мәдениетімізді зерттеу, дәстүрімізді түсіну. Жыраулық - бұл қарақалпақ халқының тамаша дәстүрі, біз оның дамуына барлық жағдай жасаймыз» - деп өз бағасын берген.


Табиғаттың «түс бояуы» күз көрінісін әрлендірді - Тяньшаньнет

Алтай тауларының батыс солтүстік бөлегінде орналасқан «Қанас көлінде» табиғаттың «түс бояуы» күз көрінісін әрлендірді, деп жазады қытайлық kazakh.ts.cn порталы.

«Алтай аймағындағы «Қанас көлі» туристік зонасы бір жылдағы мың құлпырып, жүз түрленген ең тамаша мезгілге өтті. Сары, жасыл реңі аралас ағаштар арасында көгілдір өзен баяу ағып жатыр. Алуан түсті ағаштардың сағымы көгілдір өзен бетінде қызыл, сарғылыт, сары, жасыл, көк түс болып құбылды. Осылайша табиғаттың «түс бояуы» Қанас өңірін май бояулы суреттей әрлеп, күздің сәнін кіргізді. Назарларыңызға осы ерекше табиғат сыйының көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Еске сала кетейік, Қанас көлі – Қытайдың қазақтар қоныстанған Алтай аймағының Буыршын ауданында орналасқан туристік зона. Қанас өзені қорықтағы негізгі өзен. Мұзды алқаптың еруі салдарынан тау өзенінің арнасы кеңейіп, тереңдеп көлге айналған. Көлемі 44 мың 780 шаршы метр. Көлдің ең терең жері 188.5 метр. Қанастың айналасын бір-бірімен жалғасып, төбесі мұз құрсанған шыңдар қоршап тұрады. Қалың орман, көкорай шалғын, жап-жасыл беткей, тұп-тұнық көл көздың жауын алады.


Парсы тілі Ауғанстанның ұлттық тілі ретінде жарияланды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Ауғанстан үкіметі парсы тілін шетелдік тілдер тізімінен алып тастап, бұл тілді елдің ұлттық тілдерінің бірі ретінде жариялады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Ауғанстанның ұлттық статистика және ақпарат басқармасының бастығы Ахмад Джавид Расули: «Елдің парсы тілді азаматтарының наразылығына байланысты парсы тілі шет тілдер тізімінен алынып, осы елдің ұлттық тілдеріне қосылды. Осы уақытқа дейін Ауғанстанда электронды жеке куәлік формасын толтырған кезде парсы және тәжік тілдері шет тілдері, ал урду, панджаби, араб, синди, моңғол, қазақ және басқа да кейбір тілдер жергілікті тіл ретінде көрсетілді. Бұл мәселе парсы тілді азаматтардың наразылығын тудырған», - деді», - деп жазады Рarstoday.


Өзбекстанда ең қымбат палау Бұхарада дайындалады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Мемлекеттік статистикалық комитетінің Өзбекстан аумағындағы палау орталықтарында өткізген бақылау қорытындысына орай елдегі ең қымбат палау Бұхара облысында тіркелген, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Бұхара облысында бүтін бір салым астың бағасы орташа 18667 сумға сатылуда.


(2020 жылдың қыркүйек айындағы баға)

Жоғарыдағы мәліметтерді жинақтау барысында тек таңдалған қоғамдық тамақтану орындарындағы (палау орталығы) палаудың орташа бағалары ғана ескерілген болып, мейрамханалар мен ресторандағы бағаның соммасы қосылмаған», - «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Тұз көліннен шығарылған тұз 60 елге экспорт етілді - ТРТ

Тұз көліннен шығарылған тұздың көбі Ресей мен АҚШ-ты қамтыған Африка және Еуропа елдеріне экспорт етіледі, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Коюнжы Тұз кәсіпорнының аймақтық директоры Ахмет Солак ең ірі нарықтың Ресей екенін мәлім еткен. Кәсіпорын өнімінің 90 пайызын экспортқа шығаратындарын айтқан Ахмет Солак:

«Өңделмеген тұздың да 25 пайызын экспорт етеміз. Қазір 60 елге тұз экспорт етудеміз. Тұздың көбін Ресей мен АҚШ-ты қамтыған Африка және Еуропа елдеріне сатудамыз» деді. Солак Түркияның тұз экспортының жыл сайын артқанына назар аударып, экспорттың үлкен үлесі Тұз көліне тән екенін білдірді.

Әлемде Тұз көліне ұқсайтын 6 көл болғанын, мұның үшеуінен тұз өндіргендерін хабарлаған Солак:

«Елімізде Кония, Аксарай және Анкараның тоғысқан аймағындағы Тұз көлі жабайы жануарлар өмірі үшін де өте маңызды. Тұз өндіру шектелген көлдің оңтүстігінде қоқиқаздар жаз бойы қонақтайды. Туристердің де мекеніне айналған Тұз көлі әсіресе Қиыр Шығыстан келген көптеген шетелдік туристерді өзіне баурайды» деді.


Қазақстаннан чартерлік рейспен 95 азамат келді - KAZNEWS

28 қыркүйекте кешкі сағат 22:31–де Алматы – Ұланбатыр бағыты бойынша «Хүннү Эйр» әуе компаниясының арнайы чартерлік рейсі «Буянт Ухаа» халықаралық әуежайына келіп қонды, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Осы ұшақпен Моңғолияның 95 азаматы отанына оралды. Азаматтарды ЖАЗҰ Орталығына, Әскери орталық аурухана және Төв аймағының Батсүмбэр сұмынында орналасқан Қариялардың демалыс орталығында оқшаулады. Ұшақпен келгендер Моңғолия мен Қазақстанға карантин енгізіліп, моңғол-ресей шекарасы жабылғанға дейін жеке сапармен келіп (жерлеу рәсіміне қатысу, емделу, жеке істерімен және туған-туысқандарына келу), осы елде қалуға мәжбүр болған азаматтар болып табылады», - деп жазады KAZNEWS ақпараттық порталы.



Соңғы жаңалықтар