Қазақ дәрігері Моңғолияның Еңбек ері атанды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Есей Нығметұлына Моңғолияның «Еңбек ері» атағы берілді - KAZNEWS

«Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулганың жарлығы бойынша жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және хирургиялық жаңа тәсілдерді енгізу бағытында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған Баян-Өлгей аймағының Біріккен ауруханасының аға дәрігері Нығметұлы Есейге Моңғолияның «Еңбек ері» атағы берілді», - деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпарат порталы.

Алтай аймағында қазақтың ұлттық ерекшелігін көрсеткен мәдени-танымдық шара өтті - Ағажай-Алтай

Қытайдың Алтай аймағында қазақтың ұлттық ерекшелігін, мәдениетін, салт-дәстүрін көрсеткен мәдени-танымдық туризм шарасы өтті, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Алтай аймағынң Бурылтоғай ауданында өткен іс-шарада көрермендерге ұлттық салт-дәстүрлер арқау етілген театрландырылған қойылымдар, ақындар айтысы, халық әндері мен билері көрсетілген.

Сонымен бірге аламан бәйге, жорға жарысы, теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлері де ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Алтай қойларының маусымдық көші-қон кезіндегі қоныс аударуы тамашаланып, мыңдаған қойлар көрермен алдынан шұбырып өткен.

Аталған шарада осы асыл тұқымды Алтай қойының аталығы, 163,3 килограмдық қошқар аукционға шығарылып, 68 мың юаньға сатылған.

Алыс-жуықтан келген туристерге Бурылтоғай ауданының «Үліңгір көлі» секілді көрікті жерлері насихатталып, таныстырылған.

Қазақстан мен Түркия ғарыш саласында әріптестік орнатады - TRT


Қазғарыш пен Түрік ғарыш агенттігі ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түркия Ғарыш агенттігі төрағасы Сердар Хүсейін Йылдырым Қазақстанға екі күндік сапармен барып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесті. Қазақстан сапары шеңберінде, Түрік делегациясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығын аралап, Жерді қашықтықтан зондтайтын қазақстандық спутниктердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Түрік ғарыш агенттігі делегациясының мүшелері Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағына барып, Soyuz MS-17 ғарыш кемесінің ұшырылуын тамашалады. Сапар барысында Йылдырым Қазақстан Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовпен кездесіп, ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды», - деп жазады TRT.

«Жібек жолы» халықаралық туризм университеті ашылды - ӨзА


Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Жібек жолы» халықаралық туризм университетінің ресми ашылу салтанаты шарасы өтті, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Атаулы университет Мемлекет басшысының 2018 жылғы 28 маусымдағы жарлығымен құрылған және туризм саласындағы Орталық Азиядағы алғашқы университет болып табылады. Білім ордасының ашылу салтанатына Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы А.Абдухакимов, Самарқанд облысының әкімі Е.Турдимов қатысты», - деп жазады «ӨзА».

Иранның Еуразия экономикалық одағына экспорты 6 пайызға өсті - Фарс


Иранның Сауда және даму ұйымы Иран елінің Еуразия экономикалық одағына экспортының 6 пайызға өскенін хабарлады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Иран Сауда және даму ұйымының мәліметіне сәйкес, экспорттық тауарлардың басым бөлігі Ресейге, аз бөлігі Беларусьқа жіберілді. Сонымен қатар, бұл есепте Иранға Ресейден ең көп және Қырғызстаннан ең аз тауар импортталған. Иран Кеден басқармасының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Иранның соңғы бес айда Еуразия экономикалық одағына мүше 5 елмен сыртқы сауда көлемі 2 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 6 пайызға өсті», - делінген Рarstoday порталында.


Соңғы жаңалықтар