Қазақ кәсіпкері Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ баласы түсірген өзбекше тарихи сериал жарыққа шықты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Мәдениет министрлгінің тапсырысы бойынша түркиялық «Bo‘zdag‘ film» студиясы таспалаған «Мендирман Жалолиддин» тарихи сериялы жарыққа шықты, деп хабарлайды «ӨзА».

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, алғашқы сериясы 14 ақпанда көрерменге жол тартқан туынды Хорезмді билеген Жалолиддин Мангубердінің өмірі, қолбасшылық еткен дәуірі мен тарихи шайқастары жайлы баяндайды. Десе де, телехикаяның басты ұғымы Хорезмшах пен Шыңғысханның шайқасына негізделген.

«13 бөлімнен тұратын тарихи картинада басты рөлдерді, Хорезмшахты түрік актері Эмре Кивилджим сомдаған болса, ұлы Шыңғысхан образын өзбектің белгілі актері Джавахир Закиров бейнелеген. Ал, телехикаяны қазақстандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат түсірген. Тарихи туындыны әр аптаның жексенбі күні кешкі сағат 20:30-да «Милли ТВ» арнасынан көруге болады», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Жаһандық инновация индексі бойынша Қазақстан 77-ші орында – Фарс ақпарат агенттігі

Жаһандық инновациялық индекстің жыл сайынғы (2020 ж.) рейтингінде Қазақстан 77-ші орын иеленді. Бұл ақпаратты осы аптада «Фарс» ақпарат агенттігі де жазған болатын.

Жаһандық инновациялық индекс (GII) бойынша жаңа есепте Қазақстан 131 елдің арасында 77-орында тұр. Бұл Ресей, Армения және Беларусь елдерінен төмен.

Бұл рейтинг инновацияларды жүргізу үшін қолда бар ресурстар мен жағдайларды пайдалану, инновацияларды жүзеге асырудың қол жеткізілген практикалық нәтижелерін бағалауға негізделген.

«Қазақстан аталған көрсеткіштердің 1-тобы бойынша рейтингіде 131-ден 60-орынды және 2-топ бойынша 94-орынды иеленді. Инновациялардың даму деңгейін сипаттайтын барлық 80 көрсеткіш 7 ірі санатқа біріктіріледі... Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш «шығармашылық нәтижелер» санаты бойынша болды», - деп жазады ирандық БАҚ.


Мемлекеттік сыйлық алған қытайлық қазақ кәсіпкері – «Жэньминь жибао» (People Daily)

25 ақпанда Пекиндегі мемлекеттік Халық құрылтайы сарайында кедейлікпен күресуді ұлттық деңгейде қорытындылау мен марапаттау конференциясы өтті.

Конференцияда ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар мен ұжымдар марапатталды, деп хабарлады People Daily ақпарат порталы.

«Ұлттық киім киген әйел трибунаға көтерілгенде ерекше көзге түсті. Ол Шыңжаңның Мори Қазақ автономиялық округінен шыққан Hayinaer Ethnic Handicraft Manufacturing Co., Ltd компаниясының бас менеджері Секер Құсанқызы болатын», - деп жазады «Жэньминь жибао».

Осы әсерлі кездесуден кейін аталған ақпарат көзінің тілшісі бірден Секер Құсанқызына телефон арқылы хабарласқан.

«Бүгін шынымен де қызықты күн. Таңғы астан кейін елдегі ең мәртебелі Халық құрылтайы сарайына келдім. Шыңжаңда сахнаға өкіл ретінде мемлекеттік мақтау қағазын алуға келген 4 адам бар. Мен солардың бірі едім. Ол кезде мен өзіміздің қазақтың ұлттық киімін киіп жүрдім», - дейді С. Құсанқызы тілшіге берген сұхбатында.

Морилық қандасымыз бұрынырақ мал баққанын, кейіннен ұлтымыздың дәстүрлі қолөнерінің бірі – кестешілікті қолға алғанын айтады.

«Мен бұрын мал баққан едім. Кейіннен ұлттық нақыштағы кесте тігу фабрикасын құрып, ауылдастарымды кәсіптендіруге жол аштым. Сол еңбектерімнің арқасында бүгін марапатты алу үшін Халық құрылтайы сарайына келдім. Бұл сыйлық өзім үшін өмірімдегі ең биік мәртебенің бірі. Мен Шыңжаңға оралғаннан кейін ұлттық кесте өнеркәсібін дамытып, кеңейтіп, барлық этникалық топтардың бауырларын бірге дамып, бірге бай болуға көмектесуім керек», - дейді Секер Құсанқызы.

«Ұлы даланың шырақтары» атты конференция ұйымдастырылды - TRT

Қазақстандағы Түркия республикасының Елшілігі жанындағы білім беру кеңесшілігі «Білім беру дипломатиясы» жобасын жалғастырып келеді.

Осы айда жоба аясында «Ұлы даланың шырақтары» конференциясы онлайн форматта өтті. Конференцияға дипломатиялық өкілдер, ғалымдар мен түрлі университеттердің студенттері қатысты. Бұл туралы осы аптада Түркия радиотелевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, семинар қонағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті ректорының орынбасары Дженгиз Томар Ислам және түрік әлемінің ойшылы Ясауидің тұлғасы, пікірлері және әлем көзқарасы жөнінде мәлімет берді. Ол Ясауи мұрасының Юнус Эмре мұрасы секілді ғаламдық деңгейде екенін айтты.

Ол қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, Ясауидің жан-жақты тұлға екенін, мұрасы егжей-тегжейлі зерттелуі қажеттігін атап көрсеткен.

«Конференцияда бауырлас екі елдің мамандары атақты ойшыл, ақынның өлеңдерінің аударылуы және кең таныстырылуы бағытында көзқарас алмасты», - деп жазады TRT.

Қазақстан Елшісі Моңғолияның Премьер-Министрімен кездесті - Kaznews

2021 жылы 25 ақпанда Қазақстан республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрай Оюун-Эрдэнэмен кездесуі өтті, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Ж.Әділбаев Л.Оюун-Эрдэнэні Премьер-Министр қызметіне тағайындалуымен және дәстүрлі Шаған мерекесімен (ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл) құттықтады.

Kaznews ақпарат порталының келтірген дерегіне сүйенсек, кездесу басында қазақстандық дипломат 2021 жылғы 27 ақпанда Уланбатыр – Алматы және 5 наурызда Уланбатыр – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша эвакуациялық арнайы рейстерді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірген.


Сондай-ақ, Елші Моңғолия Үкіметінің басшысына 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасында коронавирус індетіне қарсы екпе жұмыстары басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, моңғол тарапына вакцинация әртүрлі топтардың эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны жеткізілді.

Өз кезегінде Л.Оюун-Эрдэнэ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері тұрақты дамуда екенін және осы ынтымақтастық деңгейін арттыру үшін барлық салаларда белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өткен. Моңғолияның Премьер-Министрі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды...

«Бұдан басқа, тараптар ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, сауда-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық сахнадағы іс-қимылдарды үйлестіру салаларында екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібіндегі бір қатар өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылады», - деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар