Қазақша контент сапасын ағылшын тілінің базасында көтеру керек - Уикипедия әкімшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Интернет дамыған сайын ағылшын тілінің аясы кеңейіп, өзге тілдер ығысып барады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ». Бұл – қазақша Уикипедияның сапасын көтеруге зор үлес қосқан швейцариялық қандасымыз Руслан Тоқболаттың пікірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Швейцариядағы қазақтардың басын қосып, BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығын құруға атсалысқан қандасымыз Руслан Тоқболатты көпшілік қазақ Уикипедиясының әкімшісі ретінде көбірек таниды. 2013 жылы ол аталмыш ресурсқа әкімші болып тұрғанда қазақ тіліндегі ғылыми мақалалардың саны 200 мыңнан асқан болатын. Қазір сол қарқын неге тоқтап қалғанын сұрау үшін Швейцариядағы қандасымызға хабарласып көрдік.

«Уикипедия деген еріктілердің жұмысы ғой. Қолданушылар өз еркімен, қабілетінің жеткенінше мақалаларды өңдейді. Қазақстандықтардың көбі орыс, ағылшын тілін білгендіктен, оларға сол тілдерде ақпарат алу оңайырақ болғандықтан қазақ Уикипедиясы ондай қатты дамымай жатқан шығар. Өйткені, ақпарттардың барлығын басқа тілдерде табуға болады. Ал қазақша Уикипедияға атсалысушылар патриоттық сезімнің жетегімен қолынан келген үлесін қосып жүр», - дейді қандасымыз.

Дегенмен, бұл іске еріктілердің міндеті ретінде бейжай қарамай, пайдалы жұмыс тындырып жүргендерге қолпаштау көрсеткен артық болмас деген ой айтты.

«Уикипедия еріктілердің жобасы десек те, еңбек өнімді болу үшін адамды қолдап, қолпаштап тұру керек. Сосын қатысушылардың ішінде ауызбірлік болуы керек. Адамдар көбінесе бір-бірін тани қоймайды. Тек сырттай бір-бірінің жұмысын көріп, біліп отырады. Арасында тығыз араласатындар да бар. Бірақ сирек. Мақалалардың саны өспей тұруына осы бірліктің жоқтығы себеп шығар. Ортақ бір ұйым болса, осы іске қызығушылардың басын қосса, кем дегенде жылына бір рет жинап, негізгі проблемаларды талқылап, жоспарлы түрді іс-шаралар жасайтын болса, мүмкін белсенділік артатын шығар. Өз басым Уикипедияға кірмегелі көп болды. Өйткені жұмыс бабымен басқа да қоғамдық жұмыстардан уақыт артылмай жатыр. Сондықтан да қазір, өкінішке қарай, бұрынғыдай көп көңіл бөлуге қол тимей жүр» - деген Руслан Тоқболат қазақ тілді ортаның білімін көтеру үшін екі араға орыс тілін делдал қылу әдетінен арылуымыз керек деп отыр.

«Интернеттегі контент сапасы тек қазақ тілінің ғана проблемасы емес. Мысалы, неміс тілді аймақтарда да білім қазір көбінесе ағылшын тілінде алынады. Өйткені көптеген жаңалықтарды, әлемдік зерттеу нәтижелерін ағылшынша табу оңай. Адамдардың көбі ағылшынша білгендіктен сол тілде ақпаратты ала салады. Кәсіби деңгейде де ақпарат көбінесе ағылшын тілде алынып жатыр. Ғаламдық тенденция соған қарай бет алуда. Менің ойымша, жаһандану мәселесі қазақ тіліне ғана емес, басқа да тілдерге әсерін тигізіп жатыр. Одан қатты қорқудың қажеті жоқ. Дегенмен де ағылшын тіліне көп көңіл бөлген жөн. Өйткені бұл тілде білім туындайды, білім қоры жиналады, жылдан-жылға базасы нығайып жатыр. Яғни, ағылшын тіліне көбірек көңіл бөлген жөн. Ал қазақ тілінің интернеттегі жағдайы ақырындап дамитыны анық. Оған қажеттілік болған кезде ұсыныс та болады. Қазақ тілінде қызықты контенттер көбейсе, даму мүмкіндігі бар. Бір ескеретін жайт, жаһандық үлкен процестермен арпалысудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл заңды, табиғи процесс. Керісінше, қасарыспай, ағылшын тіліне орта аша отырып, қазақша контентті соның базасында дамытқан дұрыс деп ойлаймын», - деді BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының тең төрағасы.


Соңғы жаңалықтар