Қазақстан-2019: Өзгеріс пен қайта жаңғыру жылы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жыл Қазақстанда маңызды оқиғаларға толы болды, олардың бірқатары еліміздің бұдан кейінгі дамуын анықтайды. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» ХАА оқырманға жыл қорытындысы ретінде резонанс тудырған, сонымен қатар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға себеп болған 10 маңызды оқиға туралы Еуразиялық интеграция институтының баяндамасын ұсынады.

Оқиғалар хронологиялық тізіммен берілді.

2019 жылдың алғашқы қылмыстық оқиғасы былтыр 1 қаңтарда Қарағандыда болды. Қаланың ойын-сауық мекемелерінің бірі – «Древний Рим» кафесінде атпалдай азаматтың бірі қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Оқиға бойынша әлгі азаматтың басқа ұлт өкілдерінің қолынан мерт болуы қоғамның алаңдаушылығын тудырды, тіпті мұның соңы тәртіпсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін еді. Жергілікті билік өкілдерінің сауатты іс-әрекетінің арқасында дау-дамай дер кезінде тоқтатылды. Отандасымыздың өліміне кінәлілер әділ әрі заңды жазасын алды. Бұл оқиға қоғамдық игіліктерді әділ бөлу сұрақтарын және елімізде жүрген шетелдіктердің тәртіп бұзу мәселелерін анықтап берді.

Екіншісі – астанадағы әпкелі-сіңлілі бес қыздың қайғылы қазасы. 2019 жылдың ақпан айында елордадағы «Көктал-1» тұрғын үй алабындағы жалға алынған баспанада өрт болып, бір үйдің бес қызы бірдей мерт болды. Қоғам тұрмысы төмен қазақстандықтарды баспанамен қамту мәселесіне назар аударып, бұл оқиға көпбалалы аналар қоғамдық қозғалысының катализаторына айналды.

Үшінші оқиға қазақстандықтар үшін тосыннан болды - 2019 жылдың 19 наурызында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы лауазымынан өз еркімен кететінін мәлімдеді. Ертесінде Конституцияға сәйкес, Сенат Спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде ант қабылдады. Осылайша, Тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде Қазақстанда алғаш рет билік бейбіт, заңды түрде ауысты. Мемлекеттің бірінші басшысының ауысуы азаматтардың елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың либерализациясына сұрануына себеп болды.

Төртінші – 9 мамыр күні Сириядағы сұрапыл соғыстан азаматтарымызды елге қайтару жөніндегі «Жусан» операциясының екінші кезеңі өтті. Үш кезеңді операция мемлекетіміздің басты құндылығы ел азаматтары екенін және отандастарымызға әлемнің қай жерінде, қандай оқиға болса да көмектесе алатынымызды әлемге танытты. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билік өкілдерінің әрекетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, бұл акция азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырды.

Бесінші – президенттік сайлау өтіп, Қ.Тоқаев айқын жеңіске жетті. Елдің саяси тарихындағы бұл сайлаудың орны бөлек, себебі – осы сайлаудан кейін мемлекет басқа қоғамдық және әлеуметтік кезеңге қадам басты. Қоғам саяси жүйеге либерализация жасау керек екенін және қоғам мен мемлекет арасындағы диалогқа басқаша қарау керектігін түсінді. Жаңадан сайланған Президент алғаш рет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» философиясын енгізді, сонымен қатар толыққанды және теңқұқылы ұлттық диалогтың жаңа негіздерін атап өтті.

Алтыншы – 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болды. Президент Қ.Тоқаев бірден Арысқа ұшып келді. Бұл Мемлекет басшысы беделінің артуына септігін тигізді. Сарапшылардың пікірі бойынша, Қ.Тоқаев Арыстан көшбасшы болып оралды.

Жетінші – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл - Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасы жасалды, онда жас азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту, білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасыларға қолдау көрсету қарастырылған. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 3 мың жас азамат жалдамалы пәтерге ие болды. 3 мыңнан аса жас маман тұрғын-үйге бюджеттік несие алды. 2019 жылы жастарды қолдауға арналған 56 грант жобалары жүзеге асты.

Сегізінші – 17 шілдеде Президенттің Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілді. Мемлекет басшысының бастамасына біраз жұрт сынмен қарағанымен, бүгінгі күні қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылауды бастаған Қоғамдық кеңеске үміт артатындар көп.

Тоғызыншы – өтіп бара жатқан жыл көптеген қоғамдық-саяси сұрақтарға қатысты митингілерімен есте қалды. Бұл оқиғалар әлеуметтік-еңбек саласындағы қордаланған мәселенің, халықтың басым көпшілігі үшін бюрократиялық кедергілердің, қоғамдық салада «бұрандаларды тарту» салдары еді. Ішкі саясатқа тереңінен «жаңғырту» керек болды. Жалпы, митингілер елдің саяси өмірінің күнделікті атрибутына айналды, билік бұл аспектіге сабырмен және түсіністікпен қарайды.

Қоғам алаңдауының себептерінің бірі – синофобия, ол ерекше ішкі саяси факторға айналып келе жатыр. Кейбір сарапшылардың пікірі бойынша, мұндай көңіл-күйді шетелдегі белгілі бір қаржылық топтар екі ел арасындағы қаржылық-экономикалық байланысты әлсірету үшін жасайды. Қазақстанда Қытаймен ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр, ал қоғамның кейбір бөлігі бұдан елдің егемендігіне қауіп төнеді деп ойлайды. Кейбір сарапшылар осы себепті қазақстандық кәсіпкерлерге тиімді бизнес-жобалар көрші елдерге өтіп кетіп, Қазақстан миллиардтық табыстардан айырылып жатыр деп есептейді. Бұл сұрақ төңірегін мұқият зерттеп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Оныншы – 2019 жыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларының басталған жылы болды. Мемлекеттік аппарат адамдардың арманы мен мұқтаждықтарына назар аударды. Көпбалалы отбасылар, жастарды әлеуметтендіру сұрақтарына қатысты оң шешімдер қабылданды. Неше жылдан бері алғаш рет билік педагог мәртебесіне алаңдаушылық танытты. Үкімет мемлекеттің негізгі құндылығы адам мен менің оның қызығушылықтары және бұл мемлекеттік саясаттың негізі екенін түсіне бастады.

Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елге саяси реформа қажеттігі айтылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестердің либерализациясына әкелетін маңызды құжаттар дайындалып жатыр.

Баяндаманың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сенімнің жалпы мандатына ие екендігі туралы қорытынды жасалған.


Баяндаманы Еуразиялық интеграция институты ұсынған.



Соңғы жаңалықтар