Қазақстан әуежайларының сауда қызметтеріндегі қымбат баға проблемасы қалай шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рүстем Ахметов Қазақстан әуежайларындағы қоғамдық тамақтану және өзге де қызметтердегі баға қымбаттығы проблемасы қалай шешілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әуежайлардың аумағындағы қоғамдық тамақтану, сауда қызметтеріндегі жоғары баға проблемасының бар екендігін бәріміз де білеміз», - деді комитет басшысы Мәжілісте бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған заң жобасын таныстыруға арналған отырыста.

Оның атап өтуінше, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті бұл бағытта бірнеше мәрте тексеру жүргізген болатын. Алайда, әлі күнге дейін жағдай жақсармай отыр.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуежай аумағына кіру ережесін енгізіп, аталған жеткізушілерді іріктеудің конкурстық тәртібін анықтау, жеткізушілердің санын барынша азайту және негізгі келісімшарт қарым-қатынасын жолға қою қажет. Бұл әуежай әкімшілігіне және бізге олардың аумақтарына кіруді бақылауға және бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді», - деді Рүстем Ахметов.

Комитет басшысының айтуынша, ереже бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика вице-министр Жасұлан Мәдиев бүгін Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын таныстырған болатын. Аталған заң жобасында әуежайдің негізгі қызметіне жатпайтын әуежайлар аумағындағы қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидаларын бекіту көзделген.



Соңғы жаңалықтар