Қазақстан авиация саласында CORSIA мүшесі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту жүйесінің (CORSIA) мүшесі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде авиация саласының субъектілерімен «Халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту жүйесі (CORSIA)» туралы вебинар өтті.
«Қазіргі уақытта азаматтық авиацияға адам қызметінің нәтижесінде көміртегі CO2 жаһандық шығарындыларының 2% дейін келеді. Авиация саласының қоршаған ортаға әсерін ескере отырып, 2016 жылдың қазан айында ИКАО Ассамблеясының 39 шешімімен «халықаралық ұшулар нәтижесінде СО2 жиынтық эмиссиясы (шығарындылары) көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы мәселесін шешу» мақсатында CORSIA жаһандық нарық тетігі бекітілді.

Климатқа авиацияның әсерін азайту жөніндегі ИКАО шараларының қоржынына кіретін CORSIA жүйесі халықаралық ұшуларды орындау кезінде жүргізілетін CO2 эмиссиясын өтеу арқылы көміртекті-бейтарап өсуді қамтамасыз етуге арналған», делінген хабарламада.

Мақсаты - авиацияның CO2 таза шығарындыларын 2005 жылғы шығарындылардан 50% дейін қысқарту. Бұл отын тиімділігін арттыруды және СО2 шығарындыларын тұрақтандыруды білдіреді.
«Халықаралық рейстерді орындайтын әуе кемелерін пайдаланушылар барлық халықаралық ұшулардан СО2 шығарындыларына мониторинг жүргізуі тиіс. 2019 және 2020 жылдардағы халықаралық ұшулар туралы мәліметтер негізінде CORSIA базалық деңгейді анықтайды. Базалық деңгейді ескере отырып, өтемақы шаралары қолданылатын болады», делінген хабарламада.
CORSIA 2021 жылдан бастап енгізудің үш кезеңінен тұрады. 2026 жылдан бастап барлық халықаралық рейстер үшін бағдарламаға қатысу міндетті.
Бірқатар уақыттан бері ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту мәселелері бойынша ИКАО сарапшыларымен бірлесіп жұмыс істеуде.
2020 жылдың маусымында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс ИКАО-ның CORSIA бағдарламасына ерікті түрде қатысатындығын ИКАО-ның бас хатшысы Фань Люге жолдаған хатында ресми түрде растады.
Бүгінгі таңда халықаралық авиацияның 76,76% -ын құрайтын 85 мемлекет СО2 шығарындыларын өтеу мен жоюдың ерікті кезеңіне (2021-2023 жж.) қатысуға дайын екендіктерін білдірді.


Соңғы жаңалықтар