Қазақстан Беларусь елімен бірігіп, ауыл шаруашылығы машиналарын жасайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан – Беларусь бизнес форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі форумда машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика салалары бойынша келісімдер жасалады. Яғни Беларусь республикасының ірі кәсіпорындарымен келіссөз жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда Қазақстан мен Беларусь елі арасындағы қарым-қатынас барлық бағыттар бойынша дамуда. Соның дәлелі - бүгін өтіп жатқан форум екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтып, біріккен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға түрткі болады. Бұл елмен келісім жасауда басты басымдық машина жасау және жеңіл өнеркәсіпке беріледі. Себебі Беларусь республикасының біздің елге инвестиция құюға қызығушылығы жоғары. Біз бұған дейін де кездесулер өткізіп, бірнеше келісімге қол жеткізген едік», - дейді «Каzakh Invest» ұлттық компаниясының менеджері Бақытбек Қабжанов.

Оның айтуынша, аталған форумға 200 адам қатысып жатыр. Оның аясында 75 млн АҚШ долларын құрайтын 15 келісімге қол қойылады деп күтілуде.

«Беларусь елін Қазақстанда не қызықтырады деген сұраққа келсек, ол алдымен агроөнеркәсіптік кешен. Одан бөлек, биыл екі ел БелАз, самосвал және тракторды бірігіп жасау жобасы қолға алынады. Осы орайда бүгінгі шараға Қазақстан жағынан 130 бизнесмен, Беларусь елінен 50 бизнесмен қатысып жатыр», - деді ол.

«Каzakh Invest» ұлттық компаниясының дерегіне сүйенсек, өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 712 млн АҚШ долларын құрады. Және қазіргі уақытта Қазақстан – Беларусь капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде.

Соңғы жаңалықтар