Қазақстан білім мен денсаулық салаларына ЖІӨ-нің 10% жұмсауды көздеп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2025 жылға қарай білім мен денсаулық сақтау салаларына ЖІӨ-нің 10 пайызын жұмсау көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұғалімдердің мәртебесін қолдау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленді. Ол ұстаздардың беделін арттыруға, кәсіби өсуіне, өздеріне тән емес функцияларды орындамауына бағытталған. Бұл педагогтардың сапалы құрамын жақсартуға, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, білім беруге және денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 10 пайызға дейін жеткізілетін болады», - деді министр "2050 Стратегиясын" іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының, Бес институционалдық реформа, Қазақстанның үшінші модернизациясы туралы жасаған баяндамасында.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдіріледі.

«Жұмыс берушілерді өз қызметкерлерінің жаңа білім алуына ынталандыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар қабылданады. Ашылатын жұмыс орындарын, Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын есепке алудың бірыңғай базасын қалыптастыра отырып, жұмыспен қамту мониторингінің кешенді жүйесін әзірлеу көзделуде. Жалпы алғанда, шамамен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын 500 мың адамды қамту жоспарланып отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар