Қазақстан бірлесе жұмыс жүргізуге болатын сенімді ел – Италия елшісі Паскуале Д’авино

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Италияның Қазақстан мен Қырғызстандағы елшісі Паскуале Д’авино «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен сұхбатта Қазақстан мен Италия қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен келешегі туралы әңгімелеп берді.

- Біріншіден, рұқсат етсеңіз мен коронавирус мәселесі туралы айта кеткім келеді. Италия басқа елдерге қарағанда жан басын есептегенде көбірек тексеріс жүргізді. Біздің елде 60 миллион италиялық тұрады. Осыған дейін 22 мың тексеру жүргіздік. Батыстың басқа елдерінде бірнеше жүз тексеру ғана жүргізілгенін айта кету керек. Алдын алу жағынан Италия әлемдегі ең қауіпсіз ел болып отыр.

Біз екіжақты қатынастардың италиялық деректерді бұрыс түсіндіру салдарынан зардап шеккенін қаламаймыз. Италиялық денсаулық сақтау жүйесі - әлемдегі ең озық жүйелердің бірі. Біз әлемнің әр түкпіріндегі барлығына тегін медициналық көмек көрсететін санаулы елдердің біріміз. Италия – саяхаттау үшін және коронавирустың алдын алу, бақылау бойынша ең қауіпсіз ел.

Үлкен түсініспеушілік туындап тұр. Коронавирус инфекциясының қанша жағдайы байқалғанын қарастырудың қажеті жоқ. Алдымен елдің денсаулық сақтау жүйесінің қаншалықты мығым екенін білуіңіз керек. Егер 50-300 миллион халқы бар елдерде бірнеше жүздеген жағдай ғана анықталған болса, онда сізге алдын-алу жүйесі ол елде қалай жұмыс істейтінін аңғара білу керек.

Италия бұл бағытта бірінші орында. Саяхаттағыңыз келсе - біздің ел әлемдегі ең қауіпсіз мемлекет. Әлеуметтік желілер мен ақпарат делдалдарының салдарынан туындаған қате түсініктерді қабылдай алмаймыз.

Италия Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған барлық шараны жүзеге асыра отырып, COVID-19 түріндегі жаһандық апатқа жедел және барынша ашық жауап берді. Ауруханалар желісі және азаматтық қорғау институттары ДДСҰ қағидаларына сәйкес жағдайды толық бақылауда ұстап, вирусқа кәсіби түрде жауап берді. Италияда бірде-бір пациент көмексіз қалған жоқ! Денсаулық сақтау құқығын қорғау және Италия конституциясымен кепілдендірілген ақпаратты алу үшін үкімет пропорционалды шараларды қабылдап, вирустың ел азаматтарына таралуы туралы нақты деректерді таратуды жөн деп шешті.

Мен Қазақстанды Италияға және осы елдегі италиялықтарға басқа Еуропа елдеріндей қарауды шақырамын. Өкінішке қарай вирустың таралуын бәсеңдету үшін үкімет қозғалысты уақытша шектеуге мәжбүр болып отыр. Уақытша шаралар алынып тасталған кезде мен қазақстандық достарымызды Италияға шақырғым келеді. Ал әзірге қазақстандық достарымды осы елде саудада тұрған италиялық тағамдарды татып көруге шақырамын. Өнімдеріміз бен азық-түліктеріміз толығымен қауіпсіз.

- Италия мен Қазақстан арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастардың тарихы туралы айтып бере аласыз ба? Екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі не болып жатыр?

- Италия мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастарда мін жоқ деп айтуға әбден болады. Өзіңіз білетіндей, Италия - Қазақстанға сенім грамотасын табыстаған Еуропадағы алғашқы мемлекет. Егер сіз Алматыдағы Қазақстанның Ұлттық музейіне барсаңыз, онда елші Туччидің сенім грамотасын көресіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Италия елшісінің сенім грамотасын мұражайдағы көрмеге қоюды қалағаны анық.

Италия мен Қазақстан арасындағы саяси қатынастар әуел бастан жақсы жолға қойылған. Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы адал достық - осының бір дәлелі бола алады. Берлускони Қазақстанның сенімді ел екенін жариялаған еуропалық алғашқы көшбасшылардың бірі болды. Бұл мәлімдеме Қазақстан үшін маңызды саяси сенім несиесіне айналғанын атап өту керек.

Осыдан кейін италиялық саясаткерлер Қазақстанға бірінен кейін бірі ағылып келген сапарлары жемісін бере бастады. Мысалы бұрынғы сыртқы істер министрі Франко Фраттини - Астана Клубының тұрақты мейманы. Италияның бұрынғы премьер-министрі Маттео Ренци 2014 жылы Қазақстанға келіп қайтқан еді. Италия делегациясы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне де арнайы келіп қайтқан. 2019 жылдың қарашасында өзінің сапары аясында Италия сыртқы істер министрінің орынбасары Манило Ди Стефано Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа стратегиясын ұсынып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Энрико Матте италия мәдени орталығының ашылуына қатысты. Ди Стефано Қазақстандағы үкіметтік топтармен бірқатар кездесу өткізді. Оның сапары аясында алғашқы Италия-Қазақстан бизнес-форумы өтті.

Сондай-ақ, 2019 жылдың желтоқсанында Орталық Азияның барлық сыртқы істер министрлері, оның ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Римдегі «Италия және Орталық Азия: өзара түсіністік, ынтымақтастық және серіктестікті нығайту» атты бірінші халықаралық конференцияға шақырылды. Сонымен қатар, биыл Қазақстан астанасында Италия-Қазақстан экономикалық іскерлік кеңесінің отырысы өтетін күнді белгілеуіміз керек. Италия делегациясын Экономикалық даму министрі басқарады.

- Ал біздің елдердің арасындағы экономикалық қарым-қатынас туралы не айтар едіңіз?

- Экономикалық қатынастарға келер болсақ, Италия Қазақстанның Еуропадағы алғашқы сауда серіктесі болды. Италияның Eni мұнай гиганты Қазақстанның мұнай-газ саласында жұмыс істей бастаған алғашқы еуропалық компаниялардың бірі. Біздің компаниямен қанаттас голландиялық Shell және француз Тотал компаниясы да жұмыс жүргізеді.

Әйтсе де мұнай-газ секторымен қатар Италия Қазақстанға жабдықтар мен өнеркәсіптік өнімдерді экспорттаған Еуропаның алғашқы елі екенін атап өту керек. Біз сондай-ақ инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, тамақ және алкоголь салаларында кеңінен танымал болдық. Италиялық мейрамханалар тек Нұр Сұлтан мен Алматыда ғана емес, барлық жерде бар. Біз сондай-ақ сән және тұтыну тауарлары саласында кеңінен таныла түстік. Жалпы, бізде экономикалық қатынастар жоғары деңгейде жолға қойылған.

Мәселен өткен жылы Италияның Қазақстанға экспорты 72 пайызға дейін өсті. Италия сонымен бірге Қазақстан экономикасының басқа салаларында да шешуші ойыншы болғысы келеді. Мысалы, Италия - жаңартылған энергия көздері саласында Еуропада көшбасшы. 2019 жылдың қазан айында біз Eni компаниясымен бірге жел электростансасын іске қостық. Сондай-ақ Шымкентте Eni-мен бірге келесі жылдың басында күн электр стансасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастық күшейіп келеді.

- 2018 жылдан қарағанда былтыр Қазақстаннан Италияға жөнелтілетін мұнай мөлшері 30 пайызға азайып қалды.

- Білесіз бе, мұнай-газ секторы тұрақсыз. Ол саланың бағыт-бағдарын «дәл тану» қиын. Өйткені Италия экономикасы сан-салалы. Біріншіден, мұнай өндіру - технологиялық тұрғыдан күрделі процесс. Бізде бұл технология бар. Осылайша біз Қазақстан экономикасына өз үлесімізді қосамыз. Екіншіден мұнайды импорттау және сатып алу тұрғысынан барлық операцияның жалпы құнын анықтау өте қиын. Мұнай-газ секторында күкірт сияқты көптеген қосымша өнім бар екенін де есте ұстаған жөн. Біз күкірт өнімдерін өндірумен айналысамыз. Мұнай-газ саласында өзіміздің жұмысымызды күшейтіп жатырмыз. Егер энергетика саласы туралы айтатын болсақ, оның да барлық аспектісін ескеру керек. Біз Еуропа елдері ішінде Қазақстанға энергияны көбірек импорттаушылар қатарындамыз.

- Қазақстанда италиян тілі өте танымал. Бұл тіл елдің көптеген оқу орнында оқытылып жатыр. Тіпті Алматы қаласындағы лицейлердің бірінде - жеке пән мәртебесіне ие. Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени және білім беру байланыстарының дамуы қандай кезеңде тұр?

- Бұл байланыстар нығайып келеді. Қазақстандықтардың италиян тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығы жоғары. Бірнеше мысал келтірейін. Италиян тілін оқытушылар Қазақстанның бүкіл қаласында бар. Өткен жылы біз тағы бес италиян мәдени орталығын аштық. Оның біреуі Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де орналасқан «Энрико Матей» орталығы. Италиян тілін оқытушылар Петропавлда, сонымен қатар Алматыдағы беделді КИМЭП университетінде де бар. Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетімен бұрыннан келе жатқан достықты мақтан тұтамыз. Біздің елден келген оқытушылар Алматыдағы, сонымен қатар Қарағанды және Өскемен қалаларындағы Халықаралық бизнес университетінде жұмыс істейді. Италиян тілдік орталықтары Ақсай, Ақтау және Атырауда да бар. Мен Қазақстанға үш жыл бұрын келген кезде композитор Россинидің құрметіне кеш өткізген едік.

Астана Опера және Балет театрымен достығымызды ерекше атап өткім келеді. Италия - жыл сайын Қазақстанға ондаған орындаушы мен дирижерді әкелетін бірден-бір ел. Өткен жылы біз Астана опера және балет театрының Италияда үш гастрольін ұйымдастырдық. Олар Генуя, Римде және еліміздің басқа қалаларында өнер көрсетті. Италия - қазақ мәдениетінің басты «экспорттаушысы» және Қазақстанның мәдени шараларының ұйымдастырушысы. Блытыр біз Леонардо да Винчидің құрметіне іс-шаралар ұйымдастырдық. Биыл Рафаэль мен Федерико Феллиниді құрметтеп, шараларды өткізбекпіз. Сондай-ақ, біз жыл сайын «Сарыарқа» сауда орталығында италиян киносы күндерін өткіземіз. Кинотеатр әрдайым халыққа толып кетеді.

Саяхаттауға Италияны таңдайтын қазақстандық туристердің саны артып келеді. Бізде әзірге Қазақстанмен тікелей рейс жоқ. Бірақ ол да жақын арада қолжетімді болады. Жыл сайын қазақстандықтарға берілген визалар саны 20 пайызға артып келеді. Қазақстанмен тікелей әуе рейсі жоқ бірде-бір мемлекет мұндай статистикамен мақтана алмайды. Біз туристік конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оған қазақстандық әріптестерімізбен кездесетін италиялық туроператорларды шақырамыз. Туризм саласындағы амбициямыз үлкен. Саудаға келер болсақ, Қазақстанда италиян шараптарының импорты артып келеді. Өйткені сіздің ел де италиян шараптарының сапасын түсіне бастады.

Қазақстандық кәсіпкерлер жыл сайын қазан-қараша айларында Болоньяда өтетін Халықаралық ауылшаруашылық техникаларының көрмесіне де белсенді түрде қатысуда. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы италияндық аяқ киім көрмесін ұйымдастырады. Бұл шара әрдайым үлкен табыспен өтеді. Қазақстандықтар италияндық аяқ киімнің сапасын жоғары бағалайды. Кәсіпкерлеріңіз италияндық сән индустриясына үлкен қызығушылық танытуда. Өздеріңіз білетіндей, Италия әлемдегі ең көп сән брендтеріне ие. Қазақстандық кәсіпкерлер бұл саланың артықшылықтарын түсінеді. Олардың кейбіреуі, мысалы, Max Mara сияқты италияндық сән брендтеріне қаржы салады. Яғни мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық ынтымақтастығы өте мығым.

- Италия өзінің инфрақұрылымын дамыту жобаларымен кеңінен танымал. Италия мен Қазақстанның көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығы туралы не айтар едіңіз?

- Бізде мықты инфрақұрылым бар. Рим империясы кезінде салынған жолдар 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Екі ірі компания - Салини Импрегило және Тодини Қазақстанда көптеген жолды салды. Мәселен Тодинидің жобаларының бірі - Алматы мен Қорғас арасын жалғайтын жол. Теміржол саласында және Каспий теңізінде де басқа жобалар боларына сенімдімін.

-Уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!


Соңғы жаңалықтар