Қазақстан дәрігерлері өңеші бітеліп туған шақалаққа күрделі ота жасады

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстан хирургтары өңеші бітеліп туған шақалаққа күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында дәрігерлер екі күн бұрын дүниеге келген сәбиге күрделі операция жасады. Нәресте өңеші бітеліп туған. Алғашқы ота сәтті өтті. Қазір кішкентай пациент перинаталдық орталықтан ауруханаға ауыстырылды. Енді оны хирургиялық араласудың екінші кезеңі күтіп тұр. Операцияны Қазақстан хирургтары халықаралық форум аясында тәжірибе алмасу барысында жасады.

«Кешегі күні Шымкентте еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаевтың 85 жылдығына арналған Балалар хирургтарының ІІ форумы өтті. Халықаралық шараға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Орта Азия елдеріндегі балалар хирургиясы қоғамдастығының төрағалары мен дәрігерлері қатысты. Форум аясында Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында травматология, нейрохирургия оталары бойынша шеберлік сабақ өтті. Онда еліміздің барлық өңірінен жиналған балалар хирургтары тәжірибе алмасты», - дейді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.

Сондай-ақ форум аясында «сколиоз» диагнозы қойылған 12 жастағы балаға травматологиялық операция жасалды. Ота кезінде дәрігерлер науқастың қисайған омыртқасын хирургиялық жолмен түзеп берді.

Ал нейрохирургиялық операция кезінде еліміздің бас балалар нейрохирургі Ғабит Өленбайдың жетекшілігімен 15 жастағы қыздың бас сүйегіне күрделі ота жасалды.

«Шеберлік сабағында эндовидеохирургия, лапароскопия, торакоскопия әдісімен оталар жасалды. Бұл операциялар тіліксіз жасалғандықтан, науқастың сауығып кетуіне зор мүмкіндік береді», - дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.


Соңғы жаңалықтар