Қазақстан экономикасын қалпына келтіру үшін қандай шаралар жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы төрт айдың даму қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы өсу жолына түсті. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сауда сынды бірқатар салада жоғары өсім тіркелді. Бұл тақырып жақында өткен Үкімет отырысында қаралған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономика өсімінде сапалы өзгерістер бар

Қаңтар-сәуір айларында ұлттық экономиканың негізгі көрсеткіші болып саналатын ЖІӨ өсімі өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды көрсеткен.

«Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде. Жыл басынан бері қызмет көрсету саласы қалпына келіп жатыр және сауданың 5,7%-ға өсуі арқылы қызмет көрсету секторы оң өсім көрсетті. Экономиканың өндіруші емес салаларында да негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсті. Жалпы алғанда, экономика өсімінде сапалы өзгерістер байқалуда», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі – экономика дамуының басты драйвері болып отыр. Аталған кезеңде тау-кен өндірісін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9% болған. Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасып жатыр. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі соңғы 10 жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткен.

Қай салаларда өсім байқалды

Министр өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды және тұрақты өсу барын атап өтті. Бұл осы саланың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Атап айтқанда өсім машина жасауда (20,6%), оның ішінде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнімдер өндірісінде – 11,2%, пластмасса өнімдері өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде – 19,5% деңгейінде тіркелген.

Өндіруші емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Бұл экономиканың тұрақты және сапалы дамуына әртараптандыру арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кен өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар 32,3%-ға өскен.

Сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібі – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлік – 27,6% және жылжымайтын мүлік операциялары – 27,5% деңгейінде инвестициялардың айтарлықтай өскенін көрсетті.

Сыртқы саудадағы тауар айналымы биылғы қаңтар-наурыз айларында 19,7 млрд долларға жеткен, оның ішінде экспорт – 11,5 млрд доллар. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Ал тауарлар импорты 8,2 млрд доллар болып, оң сауда балансы 3,3 млрд доллардан асқан.

Аймақтардың көрсеткіші қалай

Жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша 13 өңірде өсім бар және ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында тіркелген.

Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. Мұнда Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде өсім бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады. Жыл басынан бері елдегі тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрге жеткен.

Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Мұнда Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Түркістан және Жамбыл облыстары жоғары көрсеткішке ие.

«Ауыл шаруашылығы саласында өнім шығару 3%-ға ұлғайды. 13 өңірде оң серпін байқалып, Ақмола облысы ең жоғарғы өсім көрсеткен. Жалпы, тұрақты өсу қарқынын мемлекеттік қолдау шаралары қамтамасыз етеді. Олар ауыл шаруашылығы өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған», — дейді министр Ә. Ерғалиев.

Жалпы сауда және көлік жағдайы да жақсарып келеді, бұл өңірлердегі іскерлік белсенділіктің артқанын айғақтайды. Сауда бойынша 13 өңірде өсім байқалады. Бұл ретте, бөлшек сауда 6,2%-ға өсіп, ішкі сұрастың қалпына келгенін көрсетеді. Атырау облысынан басқа, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында көлік саласы бойынша қызмет көрсету жақсарған.

Экономика өсу үшін тағы не істеу керек

Сөз соңында министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірнеше шараны атқару қажеттігін айтты.

«2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыру керек. Экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде орындау қажет.

Ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстары маусымын белсенді өткізіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру керек. Жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту қажет», - дейді Әсет Ерғалиев.

Министрдің айтуынша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті ынталандыруға және биылғы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин экономиканың осы қарқынын сақтап, әрі қарай ұлғайтуды тапсырды.

«Экономиканың оң өсімі – пандемияны тежеп, елдің жеке секторы мен өндірістік әлеуетін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру тиімділігінің маңызды индикаторы. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, ұлғайту маңызды. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіріп, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияны, әсіресе шикізаттық емес салаларға тарту үшін бірлесіп жұмыс жүргізу қажет. Бұл – қазіргі жағдайда Үкімет үшін басым міндеттердің бірі», - деп қорытындылады Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар