Қазақстан экспортқа контейнерлік тасымалдар үлесін 30%-ға дейін көбейтуді көздеп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Контейнерлік тасымал көлемін арттыру үшін отандық контейнерлер өндірісін ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.2022-2023 жылдары 2 млн тонна жүкті контейнерлеу және контейнерлік тасымалдар үлесін 30%-ға дейін (экспорт) көбейту жоспарланған. Бұл туралы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отрысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Бизнес қоғамдастықтың қазақстандық жүктердің тасымалдануына қатысты алаңдаушылығына байланысты «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Н. Сауранбаев экспорттық бағыттағы жүктерді тасымалдау темір жол көлігімен де, теңіз порттары арқылы да штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, Н. Сауранбаев ҚХР-ға және кері бағытта темір жол көлігімен жүк тасымалдау бойынша ешқандай кедергілердің жоқ екенін жеткізді.

Еуропа елдеріне үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз ету мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Әзербайжан және Грузия (Баку, Батуми және Поти порттары) бағытында тасымалдау көлемін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Өз кезегінде, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев Ақтау және Құрық порттарын пайдаланудың әлеуеті зор екенін атап өтті, себебі олардың қазіргі жүктемесі небары 23% ғана құрап отыр және жеткілікті резерв бар.

Сондай-ақ, Рига, Вентспилс, Лиепая Балтық порттары арқылы өтетін қосымша бағыттар пысықталуда.


Соңғы жаңалықтар