Қазақстан Елшісі Оңтүстік Африка Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

None
None
ПРЕТОРИЯ. ҚазАқпарат - Африка ұлттық конгресінің екінші төрағасы Сефако Макгато атындағы президенттік қонақтарды қабылдау үйінде Қазақстанның Елшісі Қанат Тумыштың Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирил Рамапозаға сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рәсім барысында елші Қанат Тумыш ОАР басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі және жылы лебіздерін жеткізіп, әсіресе осы елдің бұл айдағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сәтті төрағалық етуіне байланысты, мемлекетаралық ынтымақтастықты байланыстардың барлық спектрі бойынша нығайтуға бағытталған қазақстан-оңтүстік африкалық саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті.

«Елші, өзара тиімді ынтымақтастық тетіктерін одан әрі жетілдіру жөніндегі күш-жігерді одан әрі дамытуға басшылығымыздың мүдделілігін растап, Президент Тоқаевтың биылғы инаугурациялық рәсімі және Қазақстан халқына Жолдауы сияқты сөйлеген ең маңызды сөздерінің шеңберіндегі негізгі бағыттарын мазмұндады. Қазақстанның өз экономикасын әртараптандыру, транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және инвестицияларды тарту жөніндегі шараларын атап өтіп, сұхбаттасты саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы еліміздің даму перспективалары туралы хабардар етті. Айталық, өз лауазымына 2019 жылғы мамыр айында сайланған Президент С. Рамапозаның жаңа бастамалары мемлекет басшымыздың реформаларымен ұштасып келеді», делінген хабарламада.

Қ.Тумыш көпжақтылықтың, сондай-ақ соғысқа қарсы және антиядролық саясаттың берік жақтаушы деген абырой-беделін жиі дәлелдеген екі тараптың халықаралық ұйымдар шеңберінде, атап айтқанда, Қазақстанның 2017-2018 жж. және ОАР-дың 2019-2020 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі кезеңінде, ынтымақтастықты тереңдету қажеттілігіне назар аударды. Ол Оңтүстік Африканы үш диалог негізінде жаңа геосаяси құбылысты құру, сондай-ақ ғаламшарымызды терроризмнен және жаппай қырып-жою қаруларынан азат ету бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамаларын қолдауға шақырды.

Сонымен қатар, еліміз насихаттайтын төзімділік, сондай-ақ әртүрлі ұлттар және діндер арасындағы татулық пен келісім идеялары туралы мәлімдеп, Елші екі елді де байытатын Қазақстан және ОАР халықтарының полиэтникалық және поликонфессиялық құрамы туралы әңгімелеп берді.

Президент С.Рамапозаның мәлімдеуінше: «Сіздер сияқты достармен біз жаһандық басқарудың ережелерге негізделген көпжақты жүйесін қорғауға және нығайтуға, сондай-ақ бір-бірін байланыстыратын және нығайтатын кедейлік, теңсіздік, соғыс, терроризм және климаттың өзгеруі сияқты ғаламдық мәселелерді шешуге тырысамыз. Біз халықаралық сауда мен қауіпсіздік мәселелерде біржақты ұстанымды болдырмау үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Көпжақты институттарымыздың тұтастығын қорғап, олардың тиімділігін, бәрін қамтитын сипатын және шынайы бұқарашылдығын қамтамасыз ету үшін біз бірлесіп, өзара іс-қимыл жасауымыз қажет».

Елдің басшысы экономикалық мәселелерге тоқталып, бір-біріне туристік сапарларды қолдауға және өзара инвестицияларды ілгерілетуге шақырды.

«Осы орайда, келесі айда, 5-7 қараша кезеңінде, біз екінші Оңтүстік Африкалық инвестициялар конференциясын өткіземіз. Еліңіздің инвесторларын осы іс-шараға қатысуға және ОАР мүмкіндіктерінің әлеуетін өз көзімен көруге шақырамыз», - деді С.Рамапоза.

Президент С.Рамапоза оңтүстік африкалық тараптың екі мемлекет үшін де басымдықты бағыттары бойынша елімізбен экономикалық серіктестікті, саяси сұхбат пен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ниетін білдірді және достас Қазақстанның басшылығына ыстық сәлемін жолдап, Елші Қ.Тумышқа әлемнің осы бөлігіндегі дипломатиялық қызметте табыс тіледі.

Соңғы жаңалықтар