Қазақстан Елшісі Жапония императорына сенім грамоталарын табыстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Токиодағы Император сарайында өткен салтанатты рәсім барысында Қазақстан Елшісі Сабыр Есімбеков Жапонияның Императоры Нарухитоға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Жапония монархы Қазақстан халқын ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, мемлекетіміздің одан әрі дамуын және өркендеуін тіледі. Осыған қоса Император Нарухито Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Тұңғыш Президент– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің жылы лебіздерін жолдап, Қазақстанмен қатынастардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Отандық дипломат Императорды Жапониямен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың барысы туралы хабардар етті. Елші С. Есімбеков Токио-2020 Олимпиадасының табысты өтетініне сенім білдірді, өз кезегінде Император Нарухито Токио Олимпиадасында Қазақстанның құрамасына спорттық жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсіміне билік басынадғы Либералды-демократиялық партияның мүшесі, Жапонияның Қорғаныс министрі Нобуо Киши қатысты. Сұхбат барысында тараптар коронавирус індетінен кейінгі кезеңде экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға назар аудара отырып, екіжақты қатынастарды дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Жалпы, орын алған іс-шара барысында Қазақстан мен Жапонияның «Рэйва» дәуірінде стратегиялық серіктестікті нығайтуға ортақ ұмтылысы расталды.

Айта кетейік, Император Нарухитоның таққа отыруына байланысты 2019 жылғы 1 мамырда Жапонияда аудармасы «әдемі үйлесім» дегенді білдіретін «Рэйва» дәуірі басталды.

Соңғы жаңалықтар