Қазақстан Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейтуде

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Еуропалық одақ Ынтымақтастық кеңесінің 17-ші отырысын өткізді. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты. Еуропалық тарапты ЕО Кеңесінде төрағалық етуші Хорватия Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич Радман таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕО Кеңесі осы күні 2020 жылғы наурызда күшіне енетін Қазақстан Республикасымен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялауды аяқтау туралы шешім қабылдады.


Ынтымақтастық кеңесі негізгі фокусты ҚР - ЕО ынтымақтастығының саяси және сауда-экономикалық перспективаларын талқылауға бағыттады. Сондай-ақ, тараптар әлемдегі ағымдағы ахуал туралы пікір алмасты», делінген ҚР СІМ мәліметінде.

Сондай-ақ отырыс барысында Орталық Азия және Еуропа мен Азияны өзара байланыстыру бойынша ЕО-ның жаңа стратегияларын іске асыру жолдары мен бірлескен күш-жігерлер талқыланды.

ЕО Кеңесінің өкілдері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелерін қамтитын ынтымақтастықтың 29 перспективалық бағытында Келісім ережелерін іске асыру бойынша Қазақстанмен пәндік жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту өзара іс-қимылдың басым бағыты ретінде қарастырылатынына келісті. Энергетика, көлік, қоршаған орта, білім және ғылым саласындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге ерекше қызығушылық расталды.

Келіссөздер барысында тараптар ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Брюссельге ағымдағы жылы жоспарланған сапарының дайындығын талқылады, сондай-ақ осы жылы өтетін ҚР - ЕО және ЕО - Орталық Азия ынтымақтастық құрылымдары желісі бойынша іс-шаралардың кестесін келісті.

Ынтымақтастық кеңесінің отырысы аяқталғаннан кейін Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы еуропалық БАҚ үшін баспасөз мәслихатын өткізді.

Еуропалық Одақ ҚР негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады, оның үлесіне еліміздің экономикасына сыртқы сауда айналымы мен инвестицияның шамамен жартысы тиесілі.

2019 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 22,7 млрд доллар, импорт - 6 млрд доллар). 2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд доллар (экспорт – 31 млрд доллар, импорт – 6,7 млрд доллар), 2017 жылы - 30 млрд доллар, 2016 жылы - 24,1 млрд долларды құрады.

2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 5,4 млрд АҚШ доллар тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тартылды. 2018 жылы ТШИ көлемі 11,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазақстан 2015 жылы ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азия аймағындағы алғашқы ел болды.





Соңғы жаңалықтар