Қазақстан Германияның аймақтағы басты сауда серіктесі болып қала береді - Елші Болат Нүсіпов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі күннен кейін Берлинде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің кезекті он бірінші отырысы өтеді. Осы отырыстардың соңғысы Астанада өткен жылдың жазында ұйымдастырылып, онда 1 миллиард АҚШ долларына жуық сомаға 21 экономикалық және инвестициялық келісімге қол қойылған еді. Кезекті отырыстан қос құрлықтағы екі мемлекет не күтіп отыр? Ол туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов айтып берді.

- Болат Тұрарұлы, осы жылдың 7 желтоқсанында Берлинде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Аталған ұйым туралы бізге толығырақ айтып бере аласыз ба?

- Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесі (ҚГІК) еліміз бен Германия арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың маңызды институционалды органы және Қазақстан экономикасына неміс инвестициясын тартудың тиімді механизмі болып табылады. Ұйым 2010 жылы ГФР Канцлері Ангела Меркельдің Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде құрылып, сол уақыттан бері Астана мен Берлинде кезектесе он отырыс өткізілді.

Неміс тарапынан BDI неміс өнеркәсібінің Федералды одағы, DIHK сауда-өнеркәсіп палатасы, ОА герман экономикасының Шығыс комитеті, OMV Орталық және Шығыс Еуропа елдері экономикасының Неміс қауымдастығы сияқты Германияның беделді бірлестіктері ҚГІК құрылтайшылары болып табылады. Қазіргі таңда ҚГІК-ге Германияның VDMA машина құрастырушылар Федералды одағы, сондай-ақ BVMW шағын және орта кәсіпкерлік Федералды бірлестігі сияқты неміс ұйымдары қосымша шақырылды. Қазақстан тарапынан Іскерлік кеңес құрылтайшылары -  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Сыртқы сауда палатасы, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі, «ҚазақИнвест» ҰК. Биылғы жылдан бастап біздің тараптан «Атамекен» ҰКП президиумының Төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаев Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің тең төрағасы болып отыр.

- ҚГІК-нің кезекті отырысынан не күтесіз? Қандай да бір экономикалық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр ма?

- Қазіргі уақытта елшілік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясымен бірлесіп, ҚГІК 10-отырысының ұйымдастыру және мазмұндық аспектілерін пысықтау үстінде. Атап айтқанда, кездесуде өткен жылы жазда Германия Федералды Президенті Ф.В.Штайнмайердің Астанаға жасаған ресми сапары аясында өткізілген ҚГІК отырысы Хаттамасының орындалу мәселелері талқыланады. Бұл отырыста сомасы 1 миллиард АҚШ долларына жуық жиырма бір экономикалық және инвестициялық келісімге қол қойылғаны өздеріңізге мәлім.

Берлинде өтетін 11-отырыс кезінде біз аталған жобалардың жүзеге асуын, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының қарауына жіберілетін жаңа жобаларды анықтаймыз. Отырыс қорытындысы бойынша сомасы жарты миллиард еуроға жуық болатын он бір экономикалық және инвестициялық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Жалпы Берлинге Қазақстаннан мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, банктер мен жеке фирмалар басшыларынан құралған делегацияның келуі күтілуде.

- Аталған келісімдер мен жаңа жобалар туралы толығырақ айтып берсеңіз...

- Келіссөздер нәтижесінде Vietz GmbH, Evonik AG, Sinalco AG, WABIO, FB Waste Recycling GmbH, Reserve Logistics Group, Posehl Spezialbau GmbH, ME-LE Biogas GmbH, GodbeckSolar GmbH сияқты белгілі неміс компанияларымен экономикалық келісімдер мен меморандумдарға қол қою көзделуде. Олармен орнататын ынтымақтастығымыздың негізгі салалары - технология трансферті, машина жасау, ауыл шарушылығын қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі, агрохимия, энергетика және ЖЭК дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және тағы басқа салалар. Қазақстан тарапынан белгіленген жобалардың көпшілігіне «ҚазақИнвест» ҰК АҚ, ал жекелеген жобалар бойынша Атырау облысы әкімдігі, «Ұлттық мұнайхимия паркі» АЭА, «НефтеСтрой Сервис Лтд» ЖШС және басқа да қазақстандық қатысушылар қол қояды. Сондай-ақ ҚР мен ГФР-дың Commerzbank AG және «Цеснабанк» АҚ қаржы институттары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылуы күтілуде.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП, тұрғын үй саласындағы «Шаңырақ» субъектілерді, қызмет және энергетикалық қызметті басқару Қауымдастығы және IWO тұрғын үй-коммуналды шаруашылығының Неміс бірлестігі арасында трансферттік технология бойынша күш салу мен тұрғын үй шаруашылығын басқару саласындағы тәжірибені үйлестіру туралы Келісімге қол қойылады. Біздің пайымдауыымзша, бұл - Мемлекет басшысы Жолдауының мәнмәтініндегі ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Ал осы тұрғыда Германияның мол тәжірибесі бізге қажет.

Осылайша, екі елдің іскер топ өкілдері арасында тиісті келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы Іскерлік кеңестің 11-отырысы мазмұнды өтеді деген ойдамыз.

- Жалпы Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жағдайын Сіз қалай бағалайсыз?

- Германия - Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктесі. Индустриалды дамыған, жоғары технологиялық және инновациялық ел болып табылатын ГФР өнеркәсіптік өндіріс пен технология трансферті саласындағы еліміздің басты серіктесі болып қала береді. Қазір неміс инвестициясының 90 пайызы Қазақстан экономикасының шикізаттық емес, яғни қайта өңдеу өнеркәсібі, химия саласы, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, АӨК және ауыл шаруашылығы секторына бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмалары сәйкес және өткен жылы шілдеде Астанадағы неміс басшылығымен болған келіссөздер қорытындысы бойынша, сондай-ақ «экономикалық дипломатия» міндеттері аясында біз шикізаттық және технологиялық серіктестік, индустрияландыру, энергетикалық тиімділік және энергия үнемдеу, Қазақстандағы қосарлы білім беру, «Индустрия 4.0.» неміс платформасы элементтерін қолданып цифрландыру сияқты бағыттарда Германиямен белсенді түрде ынтымақтастық орнатудамыз. Биыл тұрғын үй коммуналды шаруашылығы саласындағы неміс тәжірибесі мен инновациясын қолдану бойынша тығыз ынтымақтастық орната бастадық.

Қазақстан өз кезегінде Германияның Орталық Азия аймағындағы басты сауда серіктесі болып қала береді. Орталық Аияның барлық бес мемлекетімен тауар айналымы көлемінің 90 пайызға жуығы дәстүрлі түрде тек біздің елге тиесілі. Неміс статистикалық мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қазақстан мен Германия арасындағы өзара сауда көлемі 31 пайызға артып, бес миллиард еуродан асқан. Бұл қарқын биыл да жалғасуда, алдын-ала мәліметтер бойынша осы жылдың алты айында тауар айналымының көлемі 23 пайызға артқан. Біздің ойымызша, экономика саласындағы Германиямен шешілмеген бір мәселеге қарамастан, бұл - жақсы көрсеткіш.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет. Іс-шараны өткізуде сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар