Қазақстан коммунистері жастарды жұмыспен қамту мәселесін қозғады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында өткен қоғамдық талқылауда Қазақстан Халықтық коммунистік партиясының өкілдері жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешудің бірнеше бағытын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан коммунистері Ақтөбеде басқосты. Жиынға атқарушы билік өкілдерімен қатар жастар да қатысты.

«Жастарға бірден жұмысқа орналасу қиын. Дипломды қолға алып, мамандық иесі атанған күннің өзінде уақыт жоғалтып алады. Коммунистер партиясы жастарға инвестиция салу қайтарымды іс деп санайды. Оларға жұмсалатын қаржының бәрі орынды. Жастар үшін берілетін несиенің пайызы төмен болса дейміз. Сонымен бірге оқу орындары мен кәсіпорындар арасында келісімшарт болғаны жөн», - деді ҚХКП облыстық филиалының екінші хатшысы Алтынай Жетпісбаева. Сондай-ақ мамандар жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «7-20-25» және «Шаңырақ» бағдарламаларын қайта қарау қажет деп есептейді.

«Дуалды жүйе өз жемісін бере бастады. Оның ауқымын кеңейту қажет. Жас маман жұмысқа барған кезде оның кәсібилігіне күмәнмен қарайды. Кейбірі бейресми жұмысқа орналастырады. Ол да өзекті мәселе. Биылғы түлектің 67 пайызы еңбекке араласты. Өзгесі өз орнын таба алмай жүр. Оқу орындары өз міндеттерін орындауға күш салады. Ал жұмыспен қамту орталықтары бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Сонда да осы мәселе түбегейлі шешімін таппай тұр», - деді облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Венера Шавкилова.

Жиын кезінде мемлекеттік қызметкерлер партия өкілдерінің ұсынысын тыңдап, оларды шешу жолын қарастыратынын айтты.

Соңғы жаңалықтар