Қазақстан Конституциясында міндетті вакцина туралы не айтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызметі халықтың шоғырлануымен тығыз байланысты сала мамандарын міндетті вакциналау төңірегінде ел арасында түрлі алыпқашпа әңгіме тарап жүр. ҚазАқпарат тілшісі Әділет министрлігіне жұрт тарапынан жиі туындап жүрген сауалдарды қойған болатын. Назарларыңызға құзырлы органның жауабын ұсынып отырмыз.

Сұрақ:

- Антиваксерлер Конституция бойынша вакцинаны қабылдау немесе одан бас тарту әр адамның өз еркіндегі шаруа екенін айтып жүр. Жалпы Ата заңымызда нақты вакциналауға қатысты арнайы баптар, тараулар бар ма? Бар болса, атасаңыз. Жоқ болса, антиваксерлер алға тартып жүрген таңдау құқығы қай баптарда көзделген?

Жауап:

- Конституцияда нақты вакцинациялауға қатысты баптар жоқ. Алайда, құжаттың 29-бабы Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқығын көздейтінін атап өтеміз. Осы құқықты жүзеге асыру үшін мемлекет қабылдауы тиіс шаралардың бірі, инфекциялық аурулардың таралуын алдын алу болып табылады.

Инфекциялық аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекспен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді (яғни санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар) енгізуге жол берілген.

Сұрақ:

- Денсаулық туралы кодексте «медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, ҚР аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті» екені айтылған. (85-бабының 4 және 8-тармақтары) Елімізде кез келген құжаттың заңдық күші Конституциядан төмен тұратынын алға тартушылар, Кодекстің аталған бабы азаматтардың еркі мен бостандығы туралы нормаларға қайшы деп отыр. Олай емес екенін қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?

Жауап:

- Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің вакциналау жайлы талабы мемлекеттің адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етіп қоятыны туралы Конституциялық нормаға сәйкес келеді (Конституцияның 31-бабы).

Осылайша, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің талабы қоғамдық денсаулықты қорғауға бағытталған.

Сұрақ:

- Міндетті вакциналаудың заңды екенін айтушылар Конституцияның 31-бабында «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деп жазылғанын алға тартып отыр. Мемлекет бұл «мақсатты орындау үшін азаматтардың Конституцияда көрсетілген өзге құқықтарын шектеуге құқылы екені туралы айтылған бап бар ма? Бұл норманың қажет кезде азаматтардың таңдау еркін шектеуге пәрменді екенін түсінікті тілмен қалай дәлелдер едіңіз? Аталған норма азаматтардың еркі мен бостандығына кепілдік беретін конституция нормаларынан несімен пәрменді?

Жауап:

- Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары халықтың денсаулығын қорғау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.

Демек, Конституция адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, оларды заңда қарастырылған дәрежеде шектеу мүмкін екендігін қарастырады.

Сұрақ:

- Вакцинаға міндеттеу адам құқығын бұзу емес екенін қарапайым тілмен, тұрмыстық мысалдармен түсіндіріп беріңізші.

Жауап:

- Конституция (29-бап) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқығын көздейтінін атап өтеміз. Осы құқықты жүзеге асыру үшін мемлекет қабылдауы тиіс шаралардың бірі, инфекциялық аурулардың таралуын алдын алу болып табылады. Инфекциялық аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді (яғни санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар) енгізуге жол берілген.

Сұрақ:

- Вакцина алмаған қызметкер жұмыс берушіні жұмыстан шеттеткені үшін сотқа берсе, жұмыс беруші қандай заңнамалық нормаларды алға тартып қорғана алады? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, жұмыс беруші міндетті вакциналауға жататын қызметкер екпе алмаса, оны жұмыстан қуа алмайтынын, бірақ орнына вакцина алған адам тарту арқылы айлығын сақтамай отырып жұмыстан шеттете алатынын мәлімдеді. Бұлай шеттету қандай заңнамалық нормада жазылған? Шеттету мерзімінің дәлізі заңнамада белгіленген бе?

Жауап:

- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 104-бабының 4-тармағына сәйкес Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы міндетті түрде орындалуға жатады.

Еңбек кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті.


Соңғы жаңалықтар