Қазақстан коронавирустың екінші толқынына қаншалықты дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің екінші толқыны айналып соғары анық. Оған қазірдің өзінде-ақ әлемнің әр түпкірінде індеттің өрши бастағаны туралы деректер де дәлел бола алады. Ал енді осы коронавирустың күздегі екінші толқынына медицина қызметкерлеріміз, науқастарды қабылдайтын стационарларымыз, оларды емдейтін дәрі-дәрмегіміз қаншалықты дайын? Бұл сауалдарға бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына арнайы келген еліміздің Денсаулық сақтау министрінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жауап беруге тырысты.

Қазіргі ахуал қандай?

Жоғарыдағы сауалдарға ресми өкілдің деректеріне сүйене отырып жауап бермес бұрын республикадағы ахуалға тоқталар болсақ, шынымен де қазіргі уақытта індеттің беті қайтып тұр. Осыдан бір ай бұрын ғана елімізде орташа есеппен күніне коронавирус жұқтырған 1,5 мың адам тіркелетін болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш ондаған есеге төмендеген. Мәселен, соңғы тәулікте 89 ғана жағдай тіркеліп отыр. Жалпы, 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 106 121 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырды. Қазіргі уақытта 6 мыңға жуық пациент ем қабылдап жатса, 98 585 науқас жазылып шықты. Өкінішке қарай, 1 612 адам қайтыс болды. Ал коронавирусқа ұқсас белгілері бар, бірақ ПТР-тесті теріс шыққан 26 803 адам тіркелді. Олардың арасында 305 пациент қайтыс болды. 20 972 науқас ем қабылдап жатыр. Өлім-жітім жағдайына сараптама жасайтын арнаулы комиссияның қорытындысына сәйкес, 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардың әсерінен қайтыс болды.

Індеттің алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

Бірден айтайық, қауіптің бар екенін жақсы білетін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінде өңірлерді аралап, жергілікті медицина мекемелерінің індетке қарсы тұруға қауқары қаншалықты екенін тексеріп жүр. Бұған дейін Шымкент, Талдықорған, Аягөз, Өскемен өңірін аралаған Алексей Цой қазір Түркістан облысында жұмыс сапармен жүргені белгілі.

Енді жоғарыда айтқан медицина қызметкерлеріміздің дайындығына қатысты мәселеге тоқталсақ, расында да коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде дәрігерлеріміздің оған дайын болмағаны анық байқалды. Бұл түсінікті де жайт еді. Себебі шығу тегі белгісіз, емдеу хаттамасы, тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзінде вирусқа қарсы ем-домға орай нақты ұсынымы жоқ кез болатын. Иә, қазір де коронавирус инфекциясын емдейді деген нақты дәрі-дәрмекті ешкім нақты атай алмайды. Бірақ, коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді бүгінгі күнге өз тиімділігін көрсеткен клиникалық хаттамамен және дәрі-дәрмекпен емдеуге қажетті білімі мен білігі бар дәрігерлердің көптігі індеттің екінші толқынына қарсы тұруда үлкен көмегі болары сөзсіз. Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің білімін шыңдау жұмысына баса назар аударып отыр.

«Пандемия жағдайында кадр қажеттілігін шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі өзекті мәселелер бойынша 30 мың медицина қызметкеріне қосымша курстар өткізді. Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары медицина қызметкерлері үшін тұрақты түрде вебинарлар өткізуде. Соңғы 4 айдың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жұқпалы аурулардың эпидемиологиясы және биоқауіпсіздік, инфекциялық емес аурулардың алдын алу және тиімді емдеу курстары бойынша 5 мыңнан астам медицина қызметкері дайындықтан өтті. Медицина кадрларын қайта даярлау квотасы бойынша осы жылдың 1 тамызынан бастап 45 эпидемиологпен толықтырылды. 1 қарашаға таман тағы да 205 эпидемиолог пен 165 жедел медициналық жәрдем дәрігерімен толығатын болады», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Оның айтуынша, биылғы жылға арналған білім беру тапсырысы аясында жұқпалы аурулар, анестезиология мен реаниматология мамандықтары бойынша 200 және 240 көлемінде мемлекеттік білім беру гранттарын ұлғайту көзделген. Ресейлік мамандарды тарта отырып, «COVID-19-дың барлық кезеңінде көмек көрсету» тақырыбы бойынша сырқаттанушылық жоғары 4 өңірдің 200 медицина қызметкері оқытылған.

«Әрине, кез келген дәрігерді дайындау үшін уақыт керек. Дегенмен, індет оны күтпейді. Сондықтан медицина қызметкерлерінің санын арттыру үшін осындай қадамдарға бардық», - деді ол.

Тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйекте басталады

Күз айларында тұмау, ЖРВИ сынды маусымды вирустардың да өрши түсетіндігі белгілі. Бұған коронавирус індеті қосылса жағдайдың одан ары ушыға түсері сөзсіз. Ал оның алдын алу үшін тұмауға қарсы халықты вакцина жасау керек. Биыл бұл жұмыс әдеткі мерзімінен екі апта бұрын басталатыны да белгілі болып отыр.

Ол үшін «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 млн-нан астам дозасын сатып алған. Бұл доза шамамен халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс беріп отыр.

«Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталады. Яғни әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Естеріңізге салайын, тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 мыңнан астам семинар өткізілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өтті», - деді Бағдат Қожахметов.

Ауруханалар дайын ба?

Енді стационар дайындығына келер болсақ, бұған дейін еліміздің барлық өңірінде коронавирус індетінің өршіп тұрған кезінде ашылған ауруханалар бүгінде жағдайдың тұрақталуына байланысты жабылған болатын. Дегенмен, олар кез келген уақытта вируспен күресуге дайын тұр. Бұған қоса осы жылдың соңына дейін еліміздің 11 облыс орталығында 2,5 мың төсек-орынға арналған 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұған қоса Өскемен мен Тараз қаласындағы жедел жәрдем қызметтерінің бос тұрған ғимараттары стационарға бейімделеді. Осылайша еліміздің 14 облысында аурухана жұмысын бастайтын болады. Яғни, вирустың екінші толқынына ауруханаларымыз дайын деген сөз.

Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің 48%-н отандық фармацевтер өндіріп отыр

Коронавирус инфекциясын емдеуге қажетті дәрі-дәрмек мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Еліміздің барлық өңірлері алдын ала 1-2 айға жетерлік қорларын жасақтап отыр. Оның үстіне коронавирусті емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектің 48 пайызын бүгінде отандық фармацевтикалық компаниялар қамтамасыз етуге дайын. Мұны жоғарыда аталған баспасөз мәслихаты барысында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков айтқан еді.

«Қазіргі кезде Бірыңғай дистрибьютер сатып алуларында отандық өндірушілердің қаптамадағы өнімі 70 пайыздан артық болып тұр. Оның ішінде COVID-19 індетінен емдеу үшін дәрілік заттардың 48 пайызын отандық өндірушілер өндіріп жатыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар