Қазақстан қырғыз нарығына 17,5 млн доллардың тауарын экспорттайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бішкектегі Қазақстан сауда-экономикалық миссиясының (СЭМ) жұмысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметі бойынша, Қырғызстанға елімізден тұз, ұн, макарон, сыра, алкогольсіз сусындар, кондитерлік және сүт өнімдерін жеткізу жөнінде 6 экспорттық келісімшарт жасалды. Келісімшарттардың жалпы сомасы - 17,5 млн АҚШ доллары.

Қазақстан-Қырғыз бизнес-форумына, СЭМ және В2В келіссөздеріне Қырғызстанның 100-ден астам импорттаушы және өндіруші компаниясы өкіл болды. Елімізден тамақ өнеркәсібі, металлургия, логистика, машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін тауар өндірушілер мен қызмет көрсетуші 20 компания қатысты.

Қазақстан Қырғызстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің үштігіне кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылы - 970,8 млн АҚШ доллары болды, бұл 2020 жылмен (848,6 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 14,4%-ға көп. Қырғызстанға шығарылатын экспорт 7,6%-ға өсіп, 625,2 млн АҚШ долларына жетті.

«Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен 247 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Негізінен, кәсіпорындар көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, автомобиль сату, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салаларымен айналысады.

Қырғызстанда қаржы қызметі, тамақ өнімдерін өндіру, сауда, автомобильдерді жөндеу, көлік және байланыс, құрылыс сияқты салаларда қазақ капиталының қатысуымен 334 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Қырғызстанға салынған тікелей қазақстандық инвестициялар көлемі 1 млрд доллардан асты», - деп хабарлады ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы аясында сөйлеген сөзінде.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның АҚШ-қа тауар экспорты өсуі мүмкін.



Соңғы жаңалықтар