Қазақстан мен Беларусь арасында ауыл шаруашылығы тауар айналымы 23,5% артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Беларусь арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 23,5 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар Қазақстан делегациясының Беларусь Республикасына мал шаруашылығы саласындағы Беларусь технологияларымен, тауарлы сүт фермаларына арналған жабдықтар өндірісімен танысу мақсатындағы жұмыс сапарын ұйымдастыруға келісті.

Сондай-ақ, Орталық Азия мен Таяу Шығыста баламасы жоқ ветеринарлық вакциналар шығаратын бірегей зауыт құру жобасы талқыланып, «Беларусь Ұлттық биотехнологиялық корпорациясы» ЖАҚ қызметімен танысты.

Сондай-ақ, олар Қазақстанда Беларусь ауыл шаруашылығы көрмесі мен Аграрлық форумын өткізудің шарттары мен уақытын айқындады.

Екі ел арасындағы салаға қатысты өзара іс-қимыл Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылады.

Статистика органдарының деректері бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің тауар айналымы 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 125,9 млн АҚШ долларын құрады.

Бұл - 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға артық (101,9 млн АҚШ доллары).


Соңғы жаңалықтар