Қазақстан мен Катар арасындағы тауар айналымы 2 млн долларға жуықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Катар Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Бұл туралы бүгін Қазақстан-Катар жоғары деңгейдегі бірлескен комиссиясының 5-отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Катар Мемлекетін Таяу Шығыстағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырамыз. Толықтай алғанда, елдеріміздің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 27 жылы ішінде өзара сенімге негізделген сындарлы диалог орнаттық. Катар Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен дос әрі сенімді серіктес. Катардың Қазақстанда әлеуметтік нысандар салудағы қайырымдылық қалауына зор ризашылықпен қараймыз. Катар тарабы Алматы облысында перзентхана салу үшін қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. 2018 жылы Катар даму қорының қаржылай қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында мектеп-лицей құрылысы сәтті аяқталды. Күні кеше ғана бұл мектепке шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің есімі берілді», - деді Руслан Дәленов.

Оның атап өтуінше, Қазақстан мен Катар арасындағы саяси әрі инвестициялық өзара іс-қимылдың оң қарқыны аясында екі елдің бір-бірімен тауар айналымы шамамен 2 млн долларға жуықтап отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге екі ел де күш салмақ. Бұл ретте Доха мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында тікелей жолаушылар және жүк рейстерінің осы жылдың наурыз айының соңында ашылуы септігін тигізеді.

«Бұған қоса, инвестиция, қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым және өзге салалардағы ынтымақтастықты күшейту екіжақты тауар айналымын арттыру үшін жаңа перспективалар мен мүмкіншіліктерге жол ашады. Біз қазақстандық-катарлық көпжоспарлы диалогты нығатуға және одан ары кеңейтуге бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз», - деді министр.

Отырысқа Катар мемлекетінің Сауда және индустрия министрі Али бен Ахмед әл-Кувари бастаған делегациясы қатысты.


Соңғы жаңалықтар