Қазақстан мен Өзбекстан зиярат туризмін бірлестірмек - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Құмды шөлді кесіп өтетін әлемдегі ең ұзын автобан құрылысы аяқталуға жақын - «Жэньминь жибао» (People Daily)

2768 шақырымды құрайтын Бейжің – Шынжаң автобанының «соңғы бір шақырымы» қалды, деп хабарлайды Қытайдың People Daily ақпараттық порталы.

Ақпарат көзінің мәліметінше, 2017 жылы басталған автобанның жалпы ұзындығы 2768 шақырым. Бұл Қытайдың аса үлкен құмды шөлін кесіп өтетін әлемдегі ең ұзақ автомагистраль деп аталуда. Аталған жоба Шынжаңдағы Утұң дачуаннан Мори қазақ автономиялы ауданына дейінгі бөлегіндегі жұмыстары «соңғы бір шақырым» деп белгіленді.

«Бұл автобанның құрылысы 2020 жылы қыркүйекте бітіп, қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Аталған жоба аяқталғанда Құмыл қаласынан Үрімжіге барғанда, бұрынғыдай алыс жолды айналып жүрудің қажеті жоқ. Енді екі қаланың арасы шамамен 200 шақырымдай қысқарады...» деп жазады «Жэньминь жибао».

Қазақстан мен Өзбекстан зиярат туризмін бірлестірмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан мен Қазақстан арасында зиярат туризміне байланысты «Алтын шаршы» жобасы іске асырылуы мүмкін.

Бұл жоба өз аясына Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мен Өзбекстан аумағындағы Қоңырат жеріндегі Хәкім ата (Яссауидің шәкірті), сондай-ақ осындағы Зәңгіата (Яссауидің шәкірті) мен Түркістандағы Арыстанбаб (Яссауидің ұстазы) зиярат орындарын бір-бірімен байланыстыруды мақсат еткен.

Бұл туралы Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бұл жөнінде 4 қараша күні Түркістандағы өткен халықаралық туристік форумда Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Азиз Абдухакимов мәлім еткен.

«Қазіргі күнде Өзбекстанның туризм саласы біршама алға басып келеді. Өйткені осыған дейінгі жасалып жатқан жұмыстар өз жемісін бере бастады. Өткен 2018 жылда елге 5 миллионнан астам турист келген болса, биыл осы көрсеткішті жыл соңына дейін 6,5 миллионға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Әрине, туристер ағымы артқан сайын ел экономикасы да алға жылжиды деген сөз. 2018 жылда туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі 1 млрд долларды құрады. Ал биыл бұл сома 1,3 млрд долларға жетеді деп отырмыз. Сондықтан ең әуелі біздер көрші елдермен осы салада мықты байланыстар орнатып, екі жаққа да тиімді болған ортақ жобаларды жүзеге асыруға әрекеттеміз. Қазірде Қазақстан мен Өзбекстан арасында қаншама меморандумдар жасағанбыз», - деді Азиз Абдухакимов.

Баян-Өлгий аймағының негізгі әлеуметтік көрсеткіштер серпіні қандай? - kaznews

Осы апта моңғолиялық kaznews ақпараттық порталында Баян-Өлгий аймағының негізгі әлеуметтік көрсеткіштері, халық саны, ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі, экономиканың өсу қарқыны, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, банк, жинақ, кредит сынды әртүрлі салалар жайында жан-жақты тоқталған.

Атап айтар болсақ, Баян-Өлгий аймағының халық саны 2019 жылғы 30 қыркүйектегі статистикалық мәлімет бойынша 105590 адамға жеткен, - деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Экономикалық салалардың өсу қарқыны бойынша, өнеркәсіп саласының кірісі 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекті 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 11.2 пайызға, сату көлемі 12.3 пайызға өскен.

Жазба соңында kaznews басылымы сүт пен түбіттің бағасы 36.4%-ға арзандағанын айтады.

Ал көлік саласында, аталған аймақтың жылдық кірісі артқан.

«2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда жүк тасымалы 39.3 пайызға, жүк айналымы 36,3 пайызға, жолаушылар саны 76,3 пайызға өскен. Көлік саласының кірісі 984.6 млн», деп түйіндейді моңғолиялық басылым.

Түркиядағы су асты мұражайы әлемде екінші орынға шықты - TRT

Сиде су асты мұражайы ашылғаннан осы таңға дейін 50 мың адамды күтіп алды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиядағы алғашқы Сиде су асты мұражайы 117 мүсіннен құралған коллекция арқылы қызығушыларды көптеп тартып жатыр.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Ыстанбұл мен Мәрмәр, Эгей, Жерорта теңізі, Қаратеңіз аймақтары Теңіз сауда палатасы Анталия филиалы тарапынан Манавгат ауданында салынған Сиде су асты мұражайы 2015 жылы 31 қазанда ресми түрде ашылды. Содан бері 50 мың адам теңіз астындағы тіршілікті тамашалаған.

Сиде су асты мұражайы Мексикадағы 400 мүсінді су асты мұражайынан кейін 117 мүсінімен әлемде екінші орында, деп жазады TRT.

Соңғы жаңалықтар