Қазақстан мен Румыния арасында сауда-экономикалық бағыттағы ахуал талқыланды

None
None
БУХАРЕСТ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов Экономика, кәсіпкерлік және туризм министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-Румын Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Клаудиу Нэсуимен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Елшілікке сілтеме жасап хабарлайды.

Елші Н.Рүстемов К.Нэсуиді Үкіметаралық комиссияның румын тарапынан басшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтап, сонымен қоса оған Министр лауазымында сәттілік тіледі.

Тараптар екіжақты қатынастардың ағымдағы жағдайын, Нұр-Сұлтанда қыркүйек айына жоспарланған Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысының күн тәртібін, елдер арасындағы тікелей рейстердің ашылуын көздей отырып туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ сауда бағытындағы тауарлар түрін әртараптандыру мәселесін талқылады.

К.Нэсуи қазақстандық тараппен өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайын екенін атап өтіп, екі елдің жобалары мен іскерлік қоғамдастықтарына барлық жағынан қолдау көрсетуге ниет білдірді.

Кездесу барысында тараптар Үкіметаралық комиссияның отырысы аясында бизнес-форум өткізу мәселесін, Транскаспийлік халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін ашудың маңыздылығын атап өтті.

Министр оған қоса Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде Елшіліктің мәдени-гуманитарлық шараларына қатысуға ниет білдірді.


Соңғы жаңалықтар