Қазақстан мен Сербияның жемқорлыққа қарсы ведомстволарының онлайн кездесуі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Қазақстан мен Сербияның жемқорлыққа қарсы ведомство басшылары Алик Шпекбаев пен Драган Секимичтің онлайн кездесуі өтті.

Екіжақты талқылаудың негізгі тақырыбы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды (whistleblowing) қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары үшін шетелдік юрисдикциялардағы активтерді иеленуге тыйым салу және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, судьяларды, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарды жемқорлық қылмыстары үшін жазаны қатаңдату бөлігінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру.

«Біз қоғамдық сұранысқа жауап бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, заң үстемдігін нығайту және адам құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар атқарудамыз», - деді Алик Шпекбаев. Одан әрі серб әріптестеріне Агенттіктің қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.


Өз кезегінде Драган Секимич: «Бүгінгі кездесу жаңа жемісті және ұтымды серіктестіктің бастауы болады деп үміттенемін. Біз өз тәжірибемізбен және білімімізбен бөлісуге қуаныштымыз». Сондай-ақ, ол Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалап, қабылданып жатқан шаралардың үдемелі үрдісін атап өтті.

Сербияның «хабаршыларды қорғаудың алтын стандарты» ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл жеке Заңмен реттелетін жүйе, онда физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы кемсітушілікті болдырмау және сыбайлас жемқорлық фактілерін үш сатылы хабарлау қамтылады.

Хабарлаушылар 10 жылға дейін мемлекеттің қамқорлығында бола отырып, одан әрі қудалаудан қорықпай уәкілетті органдарға, БАҚ-қа және қоғамдық ұйымдарға жүгіне алады.

Сербия лоббистік қызметті реттеу туралы заң қабылдаған бірнеше елдің бірі екендігін атап өткен жөн. Оның ішінде, оқыту, емтихан тапсыру және сертификаттау кезеңдері реттелген. Лоббилендіру туралы заңнама Мемлекеттік басқару органдарының ашықтығын арттыру арқылы қоғамдық мүдделерді қорғайды, лоббистердің адалдығы мен жауапкершілігін тиісті ережелер арқылы нығайтады.

Сонымен қатар, Секимич мырза мемлекеттік қызметшілердің мүліктері мен активтерінің тізілімін жүргізуге және партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке қаржылық есеп беру міндеттілігіне назар аударды.

Қазақстандық тарапты мемлекеттік органдардың өзін-өзі талдау мен бағалауға бағытталған Парасаттылық жоспарларын іске асыру тәжірибесі қызықтырды. Белгілі бір органның немесе ұйымның қызметкерлері ықтимал «тайғақ жолдар» туралы біле отыра, тек өздері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жауапкершілікті қабылдап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауынан қорғай алады.

Кездесу соңында тараптар тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдіріп, бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен жобаларды бірлесіп іске асыру туралы уағдаласты.


Соңғы жаңалықтар