Қазақстан өзге елдердің Тұрақты даму мақсаттарына жетуіне көмектесе алады - БҰҰ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген болатын. Онда Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форум, БҰҰ күн тәртібінде тұрған жаһандық даму іс-шаралары, соның ішінде 2015 жылы әлемнің 193 елі қабылдаған 2016-2030 жылдарға арналған Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудегі Қазақстанның рөлі туралы әңгіме өрбіді.

- Норимаса Шимомура мырза, кеше Астанада жұмысын бастаған VIII Азаматтық форум бүгін де өтіп жатыр. Осы айтулы форумнан Сіз не күтесіз?

- Біз VIII Азаматтық форумды Тұрақты даму мақсаттарына арнауды және басты диалог алаңдарын Тұрақты даму мақсаттарының негізгі - адамдар, ғаламшар, өркендеу, бейбітшілік және әріптестік бағыттарының айналасына шоғырландыруды ұсындық. Осы идеяның іске асып жатқанына да қуаныштымыз. Әрине, БҰҰ мекемелерінің бүкіл жүйесі осы шарамен тығыз байланысты әрі барлық сессияға белсенді қатысады. Үкіметтің өтінішіне орай, БҰҰ Даму бағдарламасы шараны ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсетті.

Жалпы дамыған елдердің барлығында азаматтық қоғам - адам құқықтарын қорғаудан ерекше әлеуметтік қызметтер көрсетуге дейінгі алуан түрлі функцияларды атқаратын негізгі тетіктердің бірі. Азаматтық қоғамда жұртшылықтың, адамның мүддесіне қызмет ету миссиясы айқын. Біздіңше, Қазақстанда азаматтық қоғам елді дамыту процестеріне толығымен жұмылдырылмаған әрі оның шексіз әлеуеті тұтастай қолданылмай келеді. Бұл 2030 жылға дейінгі Күн тәртібі тұрғысынан өте маңызды. Азаматтық қоғам ұйымдарының белсенді қатысуынсыз, Тұрақты даму мақсаттарына жету қиын. Сондықтан форум Қазақстан қоғамына серпін беріп, өз үлесін қосу қажет болған салаларды айқындап, жаңа серіктестіктерге жағдай жасайды деп ойлайыз.

- Тұрақты даму мақсаттары Қазақстанға несімен маңызды?

-  Біріншіден, Тұрақты даму мақсаттары Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына, дамыған отыз елдің қатарына қосылғанға дейінгі даму жолына септігін тигізеді. Қазіргі айтулы жетістіктеріне тоқмейілсімей, Қазақстан ауқымы кең экономикалық дамудың жаңа модельдерін іздеп жатыр. Цифрландыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, тұтыну мен өндірістің тұрақты модельдері жаңа экономикалық өсімге қарқын беруі мүмкін.

Екіншіден, Тұрақты даму мақсаттары Қазақстанда дамудың басқа да сын-тегеуріндерін шешуіне септігін тигізуі мүмкін. БҰҰ талдаулары өңірлік дамуда әркелкілік байқалатынын көрсетеді. Содан алпауыт елдің түрлі өңірлерін теңдей қамсыздандыру қажеттілігі туындап отыр. Қазақстан климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісіміне толық қосыла отырып, өз алдына бірнеше өршіл мақсаттарды қойды. Қоршаған ортаны ластайтын көздерден алынған энергияның нарықтағы құны төмен күйінде қалып отырғандықтан, энергетика секторын түрлендіру ерекше күрделі мәселе болып отыр.

Үшіншіден, Тұрақты даму мақсаттары Қазақстан үшін маңызды. Өйткені олар әлемдік қоғамдастықтың үлгілі азаматы болуға ұмтылған елдің осы мақсатқа жетуіне де көмектеседі. Қазақстан көп жылдан бері әлемде бейбітшілікті орнатуға атсалысып келеді. 27 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылуы, соңғы кездері төмен байытылған уран отыны банкінің орналастырылуы, Сириядағы шиеленісті шешу үшін диалогтар алаңын құру - осы әрекеттердің нәтижесінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Осының өзі Қазақстанның қауіпсіздік пен өркендеу мызғымас бірлікте екендігін түсініп отырғанын білдіреді.

Жалпы алғанда Қазақстан өзге елдердің Тұрақты даму мақсаттарына жетуіне осы саладағы білімдері, тәжірибесі арқылы көмектесе алады. Сондықтан да, Тұрақты даму мақсаттары Нью-Йоркте ғана айтылатын беймәлім ұғым немесе мемлекетке жүктелген кезекті халықаралық міндеттеме емес. Керісінше, Тұрақты даму мақсаттары Қазақстанның ЭЫДҰ стандарттарына жетуіне, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына септігін тигізетін құрал. Бұл тек экономикалық жағынан ғана көмектеспейді, экономиканың «жасыл» жолмен дамуына, жұмыс орындарының ашылуына, қалалар мен ауылдардың арасындағы теңсіздіктерді қысқартуға, әйелдердің, жастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жалпы қоғамның әрбір мүшесінің мүмкіндіктерін пайдалануына жол ашуға жағдай жасайды.

- Ал қазіргі күні Тұрақты даму мақсаттары қалай іске асырылып жатыр?

- ТМД жалпы 17 мақсат, 169 міндет және 200-ден астам индикаторлардан тұрады. Бұл кешенді жүйе болғандықтан, Тұрақты даму мақсаттарын жергілікті ерекшеліктерге бейімдеуді қажетсінеді. Қазақстан Премьер-Министрі ағымдағы жылы қабылдаған қарарда Тұрақты даму мақсаттарын басқару бойынша ұлттық басшылыққа бағынатын үйлестіру құрылымдары құрылатыны жарияланды. Бұл Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық ететін Үйлестіру кеңесінен, министрлер төрағалық ететін ведомствоаралық 5 жұмыс тобынан тұрады.

Қазақстанда БҰҰ-ның 19 агенттігі осы ұлттық құрылымға қолдау көрсетеді, сондай-ақ аталған бес бағыттағы жұмыс топтары үшін жетекші агенттіктеріміз де бар.

Келер жылы Астана экономикалық форумы аясында түрлі мүдделі тараптардың қатысуымен Тұрақты даму мақсаттары саммитін өткізу жоспарланған. 2019 жылдың шілдесінде Қазақстан БҰҰ тұрақты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумына қатысып, Ерікті ұлттық шолудың (ЕҰШ) бір бөлігі ретінде ТДМ іске асыру жөніндегі алғашқы есебін ұсынады. 2019 жылы өтетін Жоғары деңгейдегі саяси форумын «Адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және инклюзивтілік пен теңдікті қамтамасыз ету» тақырыбына арналады.

2030 жылға дейінгі Күн тәртібінің басты ұстанымы, негізгі ұран - «Ешкім де ұмыт қалмайды». Демек, ТДМ міндеттеріне барлық мемлекет, ерлер, әйелдер, қыздар, балалар - нәсілінен, жынысынан, тұратын жерінен тыс барша адам қатысуы тиіс.

- Тұрақты даму мақсаттарына жету барысындағы БҰҰ Қазақстанға көмегінің нәтижелері қандай?  

- Жоғарыда айтылғандай, БҰҰ елдегі ТДМ іске асырылуын қолдайды. Бірнеше мысал айтайын, «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» мақсатының аясында ЮНИСЕФ-тің психикалық денсаулық және суицидтердің алдын алу бағдарламасы 11 өңірдегі 3200-ден астам мектепте 250 мың жасөспірімді қамтуға септігін тигізді. Бұл - барлық мектептердің 39%-ын құрайды. ЮНЕСКО сонымен бірге танымдық ресурстар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы Қазақстанда білім беру сапасын жақсартуға септігін тигізіп отыр.

БҰҰ Халық санағы қоры халықтың әлсіз буындарын, соның ішінде жасөспірімдерді, жастарды, егде жастағы адамдарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, мигранттарды, АИТВ жұқтырған адамдарды қамти отырып, ұлттық даму бағдарламаларын әзірлеуге көмектесті.

«Гендерлік теңдік» мақсаты бойынша «БҰҰ-әйелдер» агенттігі, БҰҰ Халық санағы қоры және Дүниежүзілік денсаулық сақтай ұйымы Орталық Азияда әйелдерге күш қолданудың таралуы бойынша алғаш рет Қазақстанда зерттеу жүргізді.

Қоршаған ортаны қорғауға қатысты мақсаттар бойынша БҰҰ Даму бағдарламасы Үкіметтің «жасыл» экономика моделіне өту концепциясын әзірлеу, Экология, Су, Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу, Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерінің қабылдану процестеріне (2013 жылы) қолдау көрсетті.

«Құрғақшылықта жердің экожүйесін сақтау» мақсаты бойынша БҰҰ Даму бағдарламасы 1,3 млн гектарды қамтитын 5 қорғалған аймақты құруға көмектесті. БҰҰ Даму бағдарламасының ауыл шаруашылығы секторындағы жобалары 148 мың гектар деградацияланған жерді қалпына келтіруге жағдай жасады.

«Бейбітшілік, әділ сот және тиімді институттар» мақсаты аясында мемлекеттік басқару қызметін бағалау әдіснамасы әзірленіп, 26 министрлік пен 16 өңірлік әкімшілікті қамтыған алғашқы жалпыұлттық бағалау жүргізілді. БҰҰ Даму бағдарламасы, сондай-ақ Үкіметтің мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейтіп, 600-ге жеткізуіне көмектесті.

- Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарына жете ала ма?

- БҰҰ талдауына сүйенсек, қазіргі ұлттық артықшылықтар Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарының 60%-на жетуге мүмкіндік береді. Қазақстан көптен бері халықаралық аренада Тұрақты даму мақсаттарын іске асырып келеді. ЭКСПО, Сирия жөніндегі Астана келіссөздері, т.б. соның дәлелі. Ел ішінде де қыруар жұмыс атқарылуда.

Соңғы 20 жылда Қазақстан өзінің серпінді экономикалық дамуы, бейбітшілікке ұмтылысы, жаһандық және өңірлік деңгейдегі басқа да бастамалары арқылы көптеген елдерге үлгі болып отыр. Осының бәрі Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе алатынын, сонымен қатар өз тәжірибесін бөлісіп, өзге елдерге де көмектесе алатынын дәлелдейді.

Қазақстанның қарқынмен өркендейтініне сенім мол. Дәстүрлі көзқарастар 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне жетуге мұрша бере қоймайды. Біз жұмылған жұдырықтай бірігіп, ортақ көзқараспен әрекет етуіміз қажет. Бізге «бүкіл қоғам» көзқарасы керек. Сонда ғана біз жаңа шығармашылық әдістерді қолдана отырып, ұйымшылдықпен жұмыс істей аламыз. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар