Қазақстан Президентінің Германияға жұмыс сапары басталды

None
None
МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар бағдарламасы аясында Президент Мюнхен қауіпсіздік конференциясының панельдік пікірталасына қатысады. Айта кетейік, Қазақстан Президенті бірнеше мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ академиялық топтардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейтіндігін жазды.

Аталған Мюнхен конференциясына 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері, сондай-ақ Еуропалық парламент депутаттары қатысады деп күтілуде.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысы 2020 жылдың 14-16 ақпаны аралығында өтеді. Алдын ала ақпарат бойынша, конференцияны Германияның федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ашатын болады. Бүгінде бірқатар елдің басшылары форумға қатысандықтарын растады.

Конференция күнтәртібінде «ЕО мен НАТО болашағы», «Киберқауіпсіздік», «Денсаулық сақтау мәселелері», «Сауда соғыстары мен санкциялар», «Жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар», «Қытай рөлі мен ЕО-ның Ресеймен және АҚШ-пен қатынасы», «Таяу Шығыстағы ахуал» тақырыптары талқыланбақ.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуы Қазақстанның бастамаларын әлемдік аренада ілгерілетудің, бітімгершілік саласындағы негізгі өңірлік ойыншы ретіндегі Қазақстанның беделін нығайтудың маңызды кезеңі болады. Сонымен қатар, бүгінгі кездесулер 2019 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді іске асырылуына айтарлықтай ықпал етеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен баратыны айтылған еді.



Соңғы жаңалықтар