Қазақстан теннисшілері карантиннен кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Щучье-Бурабай курорттық аймағында Қазақстанның теннистен ұлттық және жасөспірімдер құрамалары оқу-жаттығу жиынын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, биыл бірінші рет Щучье көлінің бойындағы Ұлттық паркте орналасқан Rixos Borovoe қонақ үйінде өтетін жиын 14 маусымға дейін созылмақ.

Мұнда теннисшілердің жаттығуы мен тамақтануына, демалуына қажетті барлық жағдай жасалған.

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Юрий Щукиннің айтуынша, жаттығу базасына 30-дан астам спортшы жиналды. Мұндағы мақсат – спортшылардың ұзақ карантиннен кейін шеберлік деңгейін қалпына келтіру. Астанаға оралған соң олар қалыпты жаттығуларын жалғастырады.

Бапкерлер теннисшілердің дене дайындығын шыңдау, төзімділігін, координациясын, жылдамдығы мен күшін арттыру бағытында жұмыс істейді.

Сонымен қатар Юрий Щукин, Ярослава Шведова, Елена Рыбакина, Зарина Дияс секілді тісқаққан теннисшілер жастармен білім-білігі, тәжірибесімен бөліседі.

«Теннисшілер осылайша оқшауланудан шығу үстінде. Меніңше, олар тез арада бұрынғы қалпына келіп, қарым-қабілеттерін шыңдай түседі», деді теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова.

Бұл – қазақстандық теннисшілердің карантиннен кейінгі алғашқы жиыны.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын халықаралық теннис турнирлері тағы да кейінге шегерілгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар